Accessibility links

Жампозов адвокаттарының прокурорға қарсылығын қабылдамады


"Өзін-өзі атып өлтірді" делінген Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжан Жампозов. Астана, 31 шілде 2017 жыл.
"Өзін-өзі атып өлтірді" делінген Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжан Жампозов. Астана, 31 шілде 2017 жыл.

Ақмола облысының Целиноград аудандық сотында Преображенское су торабын жөндеу жұмыстарына бөлінген 640 миллион теңгені жымқыру айыбы бойынша істі қарау жалғасты.

"Ақша жымқыру" айыбы бойынша алты адам күдікті болған. Солардың бірі 61 жастағы Өмірбек Жампозов 20 шілдеде Целиноград аудандық прокуратурасының ғимаратына шабуыл жасап, құқық қорғау органдары қызметкерлерін жарақаттаған. Кейін ол өз-өзін атып өлтірген. Шілденің 31-і күні іс қайта қарала бастаған. Сотқа Өмірбек Жампозовтың ресми өкілі ретінде оның ұлы Асылжан Жампозов қатысып жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотта Жампозовтың адвокаттары Бақыт Қайыржанова, Аманжол Мұхамедьяров және Талғат Шәріпов прокурор Айымгүл Жаманбалинаға шағымданушы тарап - ауыл шаруашылығы министрлігінің өкіліне қысым жасады деп қарсылық білдірді. Бірақ судья Төлеген Тұрғынбаев адвокаттардың қарсылығын қабылдамай тастады. Адвокаттар сонымен қатар іске қатысты қайтадан сараптама жасату туралы өтініш білдірді.

Сотқа ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі аудит және бақылау департаментінің бас сарапшысы Фазыл Көкжалов және министрлік өкілі Ербол Сәдуақас қатысып жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, Өмірбек Жампозов ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетіне қарасты "Қазсушар" кәсіпорнының директоры болып тұрған кезде, басқа лауазымды тұлғалармен бірігіп, Преображенское су торабының реконструкциясына бөлінген жалпы сомасы 640 миллион теңге сеніп тапсырылған қаражатты жаратқан. Жампозовқа бұл қаржының 120 миллион теңгеге жуығын ұрлаған деген айып тағылған.

Жампозовтың өлімінен кейін Қазақстан бас прокуратурасы "өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша іс қозғалып, қаржы жымқыру айыбы бойыyша істің қайта тергеуге жіберілгенін хабарлаған.

Кеше, 8 тамызда ішкі істер министрлігі Асылжан Жампозовтың өзінің үстінен Қылмыстық кодекстің 380-бабы, 1-бөлігі ("Билік өкіліне қатысты күш қолдану") бойынша іс қозғалғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG