Accessibility links

Журналист Мамай ісіндегі куәгер сотты "масқара" деп атады


Әміржан Қосанов, саясаткер.
Әміржан Қосанов, саясаткер.

Журналист Жанболат Мамайдың адвокаттары сотқа куәгер ретінде сөйлеуге шақыртқан саясаткер Әміржан Қосанов сот процесін "масқара" деп атады. "БТА Банкінен жымқырылған қаржының бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы жасырды" деп айыпталған Мамайдың ісі бойынша сотта сөйлеген Қосанов бұл газетте мақалалары жарияланғанын және оны өзіне мақтаныш санайтынын айтты.

Саясаткер Қосанов Мамайдың оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетін "қандай да бір олигархтың қабағына қарамайтын нағыз плюралистік газет" деп атады. Ол газетке шығармашылық көмек көрсетіп тұрғанын және оның редакторы Жанболат Мамайдың өзіне қандай да бір талап қойған кезі болмағанын және оның 2009 жылдан бері шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязвтің газетті қаржыландыратыны туралы айтпағанын жеткізді.

Айыптау Жанболат Мамай БТА Банктің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жарымбетовтен "оның банктен жымқырған қаржысын алып келген" деп біледі. БТА Банкті мемлекет қайтарып алған соң шетелге қашып кеткен Жарымбетов 2017 жылы қаңтарда Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланып, маусымда "банк қаржысын жымқырды" деген айыппен бес жыл шартты мерзімге сотталған. Мамайдың ісі бойынша 18 тамызда басталған сотта Жарымбетов Қазақстанда тұратын қарындасы арқылы Мамайға "газетті шығару шығынын жабуға ақша беріп тұрғанын" және онысы үшін "ешнәрсе сұрамағанын" айтқан. Жарымбетов мұны "елге қажетті тәуелсіз газеттің қалыптасуына үлес қосу" деп санаған.

- Шынын айтқанда, мына болып жатқан процесс түкке тұрғысыз. Егер айыптау жағы Мұхтар Әблязов ұрлады деген жеті миллиард доллар және Жарымбетов ұрлады деген 110 мың доллар туралы айтса, мейлі оның бір кездері Әблязовпен байланысы болсын... Құрметті прокурор, Қазақстанда тәуелсіз газетті шығару деген ол жай ғана отырып алып материал баса беру емесін айтқым келеді. Азаматтық ұстаным, іскерлік айла, аудитория болуы керек. Газеттің әрең күн көріп, Жарымбетовтен ғана емес, басқалардан да көмек сұрағанына сенімдімін... Көптеген бизнесмен газетке көмектескісі келді. Бірақ олай істеуге қорықты. Мен бүгінгі процесті нағыз масқара деп санаймын, - деді Әміржан Қосанов.

Бүгінгі сотта мұның алдында айыпталушы Жанболат Мамайдың сөзі де сөйлеген. Ол сотта Жарымбетовтен қаржылай көмек алуды "қаржы жымқыру" деп санамайтынын тағы да айтты. Мамай "Трибуна" газетін шығарудан ешқандай қаржылай пайда көрмегенін, газетті таратып, сатудан түскен табыс баспахана қызметін, қызметкерлерге жалақы төлеуцге жұмсалғанын айтты.

Жанболат мамай өзіне тағылған айыптың "саяси астары бар" және өзінің "белсенді азаматтық ұстанымы үшін кек алу" деп біледі. Ол Әблязовпен таныс екендігін және одан қаржы алғанын жоққа шығарады. Мамайдың газеті журналист қамауға алынған соң шықпай қалды.

Жанболат Мамай сотынан тікелей трансляция:

XS
SM
MD
LG