Accessibility links

Бигелді Ғабдуллин "журналистикадан кететінін" мәлімдеді


Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллин. Астана, 24 қаңтар 2017 жыл.
Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллин. Астана, 24 қаңтар 2017 жыл.

Central Asia Monitor газеті бас редакторының міндетін атқарушы Бигелді Ғабдуллин "журналистикадан кететінін" мәлімдеді.

63 жастағы Ғабдуллин газетінде жарияланған мәлімдемеcінде өзінің "журналистика стандарттарын бұзуы баспа газет шығару ісімен айналысуына рұқсат етпейтінін" айтады. Ол бар жағдайды таразылағанын және мұндай шешіміне "ешқандай саяси күштердің қатысы жоғын" айтады.

Бигелді Ғабдуллин 2016 жылдың қарашасынан 2017 жылдың қаңтарына дейін қамауда болған. Тергеу Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен" ақпараттық шабуыл жасаған, кейін ол лауазымды тұлғалардан "сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстар беруді бопсалаған" дейді.

Бигелді Ғабдуллин сотта өзіне тағылған айыптарды мойындап, "мемлекеттік тапсырыс алу үшін бопсалау" жолымен алған қаржысын қайтарып, биыл қаңтарда бес жыл шартты мерзімге сотталған.

Ғабдуллин "президент Назарбаев пен оның қазақстандықтар өмірін жақсарту үшін жүргізіп жатқан саясатын" берік қолдаушы болғанын және солай қала беретінін де мәлімдеді.

Бигелді Ғабдуллин 1990 жылдардың ортасында бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинді қолдаған оппозициялық "21-ғасыр" басылымының бас редакторы болған. Ол 2001 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа кетіп, ол жақтан саяси баспана алған. Ғабдуллин 2004 жылы эмиграциядан оралып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраған. Қазақстанға оралған соң ол Central Asia Monitor газетін ашып, Radiotochka.kz сайтын құрған.

Radiotochka.kz сайты биыл сәуірде "қаржылық мәселелерге байланысты жұмысын тоқтататыны" хабарланған.

Ұлыбританияда тұратын Әкежан Қажыгелдин 2001 жылы "коррупциялық қылмыс жасады" деген айыппен сырттай 10 жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG