Accessibility links

Украина бас прокуроры: Калиновкадағы жарылыс қасақана жасалған болуы мүмкін


Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко.
Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко.

Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко Винница облысындағы Калиновка қаласына жақын маңдағы әскери бөлімдегі қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа "детонатордың тұтануы себеп болуы мүмкін" деп санайды. Бұлай деп айтуға кей деректер бар екені туралы Луценко жұма күні "Интер" телеарнасының тікелей эфирі кезінде мәлімдеген.

28 қыркүйекте Украинаның әскери бас прокуроры Анатолий Матиос Винница облысындағы жарылысқа байланысты жүргізілген тергеу барысында төтенше оқиғаға қандай да бір диверсиялық топтың қатысы барын дәлелдейтіндей айғақ табылмағаны туралы мәлімдеген болатын.

Оған дейін Калиновкадағы жарылыс "сыртқы фактор" себебінен болған оқиға ретінде қарастырылып, тергеу жүріп жатқаны хабарланған.

26 қыркүйекте кешкі сағат онның шамасында Калиновка маңындағы әскери бөлімдердің аумағында өрт шығып, оның соңы қару-жарақ қоймасындағы әскери снарядтардың жарылуына ұласқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан екі кісі зардап шеккен. Оқиға болған аймақтан 30 мыңнан астам адам көшірілген. Жарылыстан Калиновкадағы екі мыңнан аса үй бүлінген. Өрт пен жарылыс елдегі ең ірі қару-жарақ қоймасы орналасқан әскери бөлім аумағында болған.

Жоғарғы Рада келген зиян мөлшерін 800 миллион долларға бағалаған.

XS
SM
MD
LG