Accessibility links

Испанияның Каталониясында тәуелсіздік туралы референдум басталды


Сайлау учаскесінде дауыс берілген бюллетень салатын жәшікті көтеріп тұрған адам. Барселона, 1 қазан 2017 жыл.
Сайлау учаскесінде дауыс берілген бюллетень салатын жәшікті көтеріп тұрған адам. Барселона, 1 қазан 2017 жыл.

Испанияның Каталония аймағында бүгін тәуелсіздік туралы даулы референдумге сайлаушылардың дауыс беруі басталды деп хабарлайды батыс ақпарат құралдары. Таңертеңнен сайлау учаскелерінің алдына адамдар жиналған.

Испания ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, сот шешіміне сәйкес, полиция сайлау учаскелерінен бюллетеньдер мен дауыс беретін жәшіктерді алуды бастаған. Жергілікті билік сайлаушыларды бюллетеньдердің электронды нұсқасын принтерден шығарып, сонымен сайлау учаскелеріне келіп дауыс беруге шақырған.

Испан телеарналары Каталония үкіметінің жетекшісі Карлес Пучдемон дауыс береді делінген сайлау учаскесін полицияның қоршауға алып тұрғанын хабарлаған.

Каталониядағы референдумды "заңсыз" деп атаған Мадридтегі орталық билік бұған дейін оған тосқауыл қою уәде еткен.

30 қыркүйекте испан шенеуніктері референдум өткізілетін аймақтағы сайлау учаскелері орналасқан мектептер жабылады деп хабарлаған. Батыс ақпарат құралдарының хабарлауынша, орталық үкімет өкілдерінің мәлімдемелеріне қарамастан, Каталония билігі аймақтағы сайлаушыларға сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге шақырған. Референдумды жақтайтындардың кейбірі жексенбіге қараған түнді мектептерде өткізген.

10 қыркүйекте Каталония үкіметінің жетекшісі Карлес Пучдемон тәуелсіздік туралы референдум өткізуге "барлығы дайын" деп мәлімдеген. Испания билігі референдумның заңға қайшы екенін айтып, оның өтуіне кедергі келтіретіні туралы ресми түрде мәлімдеген. Каталония полициясына 29 қыркүйектен бастап аймақтағы барлық сайлау учаскесін бақылауға алу туралы бұйрық берілген.

Бұл референдумды өткізу туралы бастама орталық үкімет пен аймақ билігінің арасын бұрынғыдан да шиеленістіріп жіберді.

Каталонияда дауыс беру құқығына ие 5 миллион 300 мыңға жуық адам бар. Алайда тәуелсіздік жариялауға қарсылық білдірушілердің көбі референдумге бойкот жариялайтындары туралы мәлімдеген. Референдум қарсаңында бірнеше қалада, соның ішінде Мадрид пен Барселонада Испания туын көтерген адамдар каталондықтарды тәуелсіздік үшін дауыс бермеуге шақырып, шерулер өткізген.

Шілденің соңында Испанияның конституциялық соты референдумды заңсыз деп таныған қаулы шығарған.

XS
SM
MD
LG