Accessibility links

Әзербайжанда Turan тәуелсіз ақпарат агенттігі жұмысын жалғастырмақ


Әзербайжандық Turan тәуелсіз ақпарат агенттігінің жетекшісі Мехман Әлиев. 27 қыркүйек 2017 жыл.

Әзербайжанның Turan тәуелсіз жаңалықтар агенттігі 1 қазаннан бастап жұмысын жалғастыратынын жариялады. Баспасөз құралдарының хабарлауынша, Turan жетекшісі Мехман Әлиев "салық төлеуден жалтарды" және "билікті теріс пайдаланды" деген айыптармен 24 тамызда Бакуде тұтқындалғаннан кейін жаңалықтар агенттігінің жұмысы қыркүйектен бастап тоқтап қалған.

Turan агенттігі жетекшісіне тағылған әлгі айыптарды "қолдан құрастырылған" және "ойдан шығарылған" деп атаған. Батыс елдері мен құқыққорғаушы ұйымдар Мехман Әлиевті тұтқындауды елде қалған соңғы тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралын саяси себеппен қудалау деп айыптаған.

12 қыркүйекте Мехман Әлиевті абақтыдан босатып, үйқамаққа ауыстырғаннан кейін бірнеше күннен соң Әзербайжан билігі Turan агенттігіне қарсы салық туралы істі қайта жалғастырған.

29 қыркүйекте Turan агенттігі сайтында жариялаған мәлімдемесінде Мехман Әлиевтің тұтқындалуына байланысты батыс үкіметтері мен құқыққорғаушылардың наразылығы тәуелсіз жаңалықтар ұйымының тағдырын өзгерткенін айтып, көрсеткен қолдауы үшін оларға алғыс білдірген. "Қолдан жасалған қылмыстық іс жабылады деп санаймыз. Осындай сеніммен 1 қазаннан бастап жұмысымызды жалғастырамыз", - делінген мәлімдемеде.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG