Accessibility links

Қырғызстан МҰҚК: Бабановтың мәлімдемесі жалған


Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабанов баспасөз мәслихатында отыр. Бішкек, 1 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне кандидат Өмірбек Бабанов баспасөз мәслихатында отыр. Бішкек, 1 қазан 2017 жыл.

Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) президенттікке кандидат Өмірбек Бабановтың мәлімдемелері шындықа сай келмейтінін хабарлады.

Комитеттің баспасөз қызметі Бабановтың 1 қазанда Бішкекте өткен баспасөз конференциясында жасаған мәлімдемесіне комментарий берді. БАҚ өкілдерімен өткен жиында Бабанов "МҰҚК жақында ғана сараптамалық жиын өткізіп, онда Өмірбек Бабановтың бірінші турда жеңетіні туралы айтылғанын" мәлімдеген болатын. "Біздің социологиялық зерттеулеріміз бен басқа ұйымдардың социологиялық зерттеулері қазір елде сайлаушылардың 65 пайызы мені кақолдап дауыс беруге дайын екенін көрсетіп отыр" деген Бабанов.

МҰҚК бұған қатысты "Оның өзі [Бабанов - ред.] де, оның сайлауалды рейтингтері де ұлттық қауіпсіздік органдары үшін ешқандай қызық емес" екенін айтады. Бұдан өзге, арнайы қызмет кандидаттың бұл сөздерін "қоғамдық пікір мен өзінің белсенді жақтасы және ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесінің жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алу әрекетіне қатысты қылмыстық істі тергеуді саясатқа бұру әрекеті" деп бағалайды.

МҰҚК мәлімдемесінде Бабановты "өзінің көпшілік алдында жасаған мәлімдемесіне негіз болатын ақпаратты жариялауға" шақырған. "Ондай ақпарат болмаған жағдайда, президенттікке кандидат Өмірбек Бабановты кезекті рет жалған сөйледі деп санаймыз және халық оның ісіне тиісті бағасын береді" делінген МҰҚК мәлімдемесінде.

Өмірбек Бабановтың жақтасы, Жогорку Кенештегі "Қырғызстан" фракциясының депутаты Қанатбек Исаевты 30 қыркүйекте - Қырғызстан МҰҚК қызметкерлері "жаппай тәртіпсіздіктер мен билікті күшпен басып алуға дайындалған" деген күдікпен ұстаған. МҰҚК 1 қазанда оның 48 сағатқа қамалғанын хабарлаған. Осы уақыт ішінде оны бұлтартпау шарасы белгіленуі тиіс.

Бабанов жақтасының ұсталуын "арандату" деп атаған. "Егер Қанатбек Исаев мені жақтамағанда мұндай проблемаға жолықпас еді" деп мәлімдеді Өмірбек Бабанов.

Қырғызстанда 15 қазанда президент сайлауы өтеді. Сайлауға 12 кандидат түсіп отыр. Конституцияға сәйкес, бұл елде президент алты жылдық мерзімге сайланады. Бір адам бір мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды. Қазіргі ел президенті Алмазбек Атамбаевтың қызмет өкілеті 1 желтоқсанда аяқталады.

Оқыңыз: Қырғызстан ОСК басшысы: Бабановтың Назарбаевпен кездесуінде заң бұзылды

XS
SM
MD
LG