Accessibility links

Трамптың "ядролық келісімге" қатысты сөзіне Иран жауап қатты


Иран президенті Хассан Роухани. 13 қазан 2017 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани. 13 қазан 2017 жыл.

Иран егер ұлттық мүдделеріне қайшы келетін болса, онда әлемдік державалармен бірге қол қойған "ядролық келісімнен" шығуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранды қатты сынға алған сөзіне байланысты пікір білдірген Иран президенті Хассан Роухани мәлімдеген.

Иран президентінің айтуынша, "ядролық келісімді" қайта қарастыру мүмкін емес – не оны орындау керек, болмаса ол құжат күшін тоқтатады. Сонымен бірге Роухани осының қарсаңында АҚШ қаржы министрлігі "терроризмге қолдау танытқан" деген айыппен санкция жариялаған Иранның Ислам революциялық сақшылары корпусын қорғап сөйлеген.

Жұма күні АҚШ президенті Трамп 2015 жылы Иранмен жасалған "ядролық келісімді" бекітуден бас тартатыны туралы мәлімдеп, Тегеранды "келісім талаптарын орындап отырған жоқ" деп айыптаған. Аталған келісім бойынша Тегеран ядролық бағдарламасынан бас тартып, оның есесіне халықаралық қауымдастық Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алуға уағдаласқан.

Ресми түрде АҚШ "ядролық келісімнен" шыққан жоқ, алайда бұған дейін Трамп конгреске Иранға қарсы салынған бұрынғы санкцияларды қайтадан күшіне енгізу мүмкіндігі туралы мәселені шешуге 60 күн уақыт берген. Егер санкцияларды қайта енгізу туралы шешім қабылданатын болса, іс жүзінде ол Вашингтонның Иранмен жасалған "ядролық келісімнен" шыққанын білдірмек.

Иранмен жасалған келісімге АҚШ-пен бірге қол қойған Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей мен Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған осы құжаттың орындалуын жақтайды.

XS
SM
MD
LG