Accessibility links

Бозымбаев: Бензин тапшылығы жақын күндері толық жойылады


Алматыдағы жанармай құю станцияларының бірі. 10 қазан 2017 жыл (Көрнекі сурет).
Алматыдағы жанармай құю станцияларының бірі. 10 қазан 2017 жыл (Көрнекі сурет).

Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин тапшылығы жақын күндері толық жойылады, ал бензин бағасын арзандату мәселесі қараша айында жеке қаралады деп мәлімдеді 17 қазанда энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Үкіметте премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа елдегі жанармаймен қамту мәселесіне қатысты есеп берген Бозымбаев қазір Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында АИ-92 маркалы бензин өндіру көлемі ұлғайтылғанын, Қазақстандағы бұл бензин қоры 13 күнге үздіксіз жететінін айтты.

"Бензин жайын тұрақтандыру үшін бірқатар шара жасалды. Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында АИ-92 бензинін өндіру 35 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Шымкент зауытының өндірісі 490 мың тоннаға дейін көтерілді. Екі зауытта да қосымша АИ-92 шығарылып жатыр.

Министр бұған қоса ресейлік зауыттармен 100 мың тоннадан астам АИ-92 бензинін сатып алу туралы келісім жасалғанын, оның 50 мың тоннаға жуығы апта соңына дейін жеткізілетінін айтты.

Бозымбаев жанармай нарығындағы жағдай осы аптада түпкілікті тұрақталады деп болжап отырғанын, ал бензин бағасын арзандату мәселесін қараша айында жеке қарастыру жоспарланып отырғанын айтты.

11 қазанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министрдің ұсынысымен Қанат Бозымбаевқа "ішкі жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тиісті деңгейде қадағалай алмай, өзіне жүктелген міндетті лайықты атқара алмағаны үшін" сөгіс жариялаған.

16 қазанда Назарбаев елдегі жанармай мәселесіне қатысты Бозымбаевты қабылдаған кезінде оған "сөгіс алудың қызметінен босағанмен бірдей екенін" айтқан.

Орталық Азиядағы мұнай өндіретін Қазақстанда бензин тапшылығы қазанның басында, қыркүйекте елдегі ірі үш мұнай өңдеу зауытының бірі жөндеуге жабылып, бензин импорты ұлғайғаны жарияланғаннан бері пайда болған. Кейін жанармай бекеттерінде бір литрі 139-141 теңгеден сатылған АИ-92 маркалы бензин бағасы 159 теңгеге дейін қымбаттап шыға келді.

Қазақстандағы бензин тапшылығы туралы хабар (11.10.2017)

Шенеуніктер сөгіс алды - бензин қымбаттады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

XS
SM
MD
LG