Accessibility links

Апелляция Нартай Дүтбаевтің үкімін өзгертпеді


Нартай Дүтбаев, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы. Алматы, 3 қаңтар 2013 жыл.
Нартай Дүтбаев, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы. Алматы, 3 қаңтар 2013 жыл.

Апелляциялық сот ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевқа шыққан үкімді өзгертпеді. Адвокаттардың хабарлауынша, апелляциялық сот "Дүтбаев ісі" бойынша сотталған Дүтбаевтың туыстары - күйеубаласы Нұрлан Хасен мен жиені Ерлан Нұртаевтың жаза мерзімдерінің төрттен бірін азайтты. Сот оларға рақымшылық туралы заңды қолданған. "Дүтбаев ісі" бойынша сотталған тағы бір адам Раиса Мұратованың шағымына апелляциялық соттың қандай шешім шығарғаны әзірге белгісіз.

Дүтбаев апелляциялық шағымында соттан өзіне шығарылған айыптау үкімін "негізсіз" деп танып, жоюды сұраған. Апелляциялық шағымды қарауға Дүтбаевтың өзі мен басқа да сотталушылар қатыстырылған жоқ. Олар бұған дейін апелляциялық сотқа өздерін де қатыстыруды сұраған. Астанадағы әскери соттың қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқасы Дүтбаев пен басқа да сотталушылардың апелляциялық шағымын 11 қазанда қарай бастаған.

Ақмола гарнизонының әскери соты 2017 жылы 24 тамызда Нартай Дүтбаевты "мемлекеттік құпияны жариялау" және "қызмет бабын асыра пайдалану" айыптары бойынша жеті жарым жылға соттаған. Нұрлан Хасен бес жылға, Ерлан Нұртаев үш жарым жылға, Раиса Мұратова бес жылға сотталған.

Нартай Дүтбаевтың әйелі Халида Бичурина 28 қыркүйекте күйеуінің інісі Рүстембек Дүтбаевтың тұтқындалғанын хабарлаған.

Бичурина 4 қазанда Facebook пен YouTube-те Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видео үндеу жариялаған. Ол ҰҚК жұбайын "күйеубаласы мен ағасының баласын қудалаудан құтқару үшін жасамаған қылмысын мойнына алуға мәжбүрлегені" туралы мәлімдеген.

Өткен аптада Астана сотының 28 қыркүйекте Рүстембек Дүтбаевты екі ай мерзімге қамауға алғаны белгілі болған. Сот оның қандай күдікке ілінгенін айтпай отыр.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG