Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі парламентке міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді 2020 жылға дейін жылжытуды қарастыратын заң жобасын ұсынды деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.
Парламент мәжілісі комитетінің отырысында сөйлеген сөйлеген денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға медициналық көмек көрсетуді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастауды ұсанытынын айтты. Оның сөзінше, министрлік жеке тұлғалар, жалдамалы жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілгендерге және мемлекеттің жеңілдігі бар азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлеуін де 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастауды ұсынады.
Ләззат Ақтаева бұған қоса азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша табыс табатын жеке тұлғалардың табысынан жарна көлемін 5 пайыздан 1 пайызға дейін төмендету, ал жұмыс берушілердің жұмысшыларға 2018-2019 жылдары 1,5 пайыз көлемінде аудара беру де ұсынылып отырғанын жеткізді.
Қазақстанда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер шілденің 1-інен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудара бастаған. Ресми дерек бойынша, тамыз айына дейін қорға 800 миллион теңге түскен. Қолданыстағы заң бойынша, жұмыс беруші ай сайын жұмыскердің жалақысынан 1 пайыз мөлшерінде, бірақ 3668, 9 теңгеден жоғары емес аударым жасауға, жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар – жеке қорғаушылар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар айлық жалақысынан 5 пайыз немесе 2445, 9 теңге төлеуге тиіс.