Accessibility links

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қор жинау басталды


Дәрігерлерге қаралып отырған зейнеткер. Қазақстан, Алматы облысы, 26 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер шілденің 1-інен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудара бастайды. Бұл реформаны ұйымдастырушылардың айтуынша, «міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру медициналық қызмет сапасын арттырып, бәсекелестікті күшейтеді».

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу тәжірибесін Қазақстанда 1996-1998 жылдары да болған. 1998 жылы міндетті медициналық сақтандыру қорының жетекшісі Талапкер Иманбаев шетелге кетіп, 2001 жылы «қор қаржысын жымқырды» деген айыппен сырттай 9 жылға соттаған. Ол 2014 жылы ақпарат құралдарына берген сұқбатында өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан.

Азаттық тілшісі әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты жаңа өзгерістің жайын міндетті медициналық қордың басқарушы директоры Ерік Байжүнісовтан сұрап білді.

Азаттық: – Міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу не үшін қажет?

Ерік Байжүнісов: – Әр мемлекеттің денсаулық сақтау саласына қажетті қаржы жинау және бөлу тәсілдері әртүрлі. Қазақстан әлі күнге бұрынғы советтік үлгімен келе жатыр. Денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарда жүрген Германия, Швейцария, Эстония, Литва сияқты мемлекеттер әлеуметтік сақтандырудың тиімді жүйесін қалыптастырды. Қазақстанның денсаулық сақтау саласы соңғы жылдары белгілі бір деңгейге жетті. Оны әрі қарай дамыту үшін қосымша қаржы керек. Қазір денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 3 пайызынан аспайды. Ал дамыған елдерде – орта есеппен 7-8 пайыз.

Азаттық: – Емдеу орындары мұндай реформаға дайын ба? 1996-1998 жылдары бұл реформа сәтсіз аяқталды емес пе?

Ерік Байжүнісов: – Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорын енгізу тәжірибесі бұрын да болғаны рас. Ол қор кезінде мемлекетте қаржы да, жұмысты жылдам ұйымдастыруға қажетті интернет те жоқ болатын, бума-бума қағаздар жүретін. Дегенмен соңғы 10 жыл бойы денсаулық сақтау саласын әлеуметтік сақтандыруға дайындау арқылы осы жүйеге бірте-бірте ауысып отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің құрамында медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті құрылғанына бес жыл болды. Сөйтіп бюджет қаржысын сақтандыру қағидасы бойынша ауруханаларға беру нормасын енгізілді. Бес жылдың ішінде жүйе қалыптасты. Орган алмастыру операциялары осы бір ғана норманы енгізу арқылы дамып келе жатқан себебі сол. Соны әрі қарай жылжыту үшін бүкіл жүйені жаңа тәсілге ауыстыруымыз керек. Онсыз сапалы медициналық қызметке жету мүмкін емес.

Азаттық: – Міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілгеннен кейін не өзгереді?

Қазақстанның міндетті медициналық қорының басқарушы директоры Ерік Байжүнісов. Суретті қордың баспасөз қызметі жолдаған.
Қазақстанның міндетті медициналық қорының басқарушы директоры Ерік Байжүнісов. Суретті қордың баспасөз қызметі жолдаған.

Ерік Байжүнісов: – Қазіргі медициналық жүйеде бүкіл қаржыны медииналық қызмет көрсететін ұйымдар жинайды. Біз соларға кадр дайындау, медициналық қондырғы әперу, күрделі жөндеу өткізу сияқты мәселемен көбірек айналысып жүрміз. Олай емес, ең бастысы адам болуы керек. Науқас адамның медициналық көмекке қаншалықты қанағаттанатыны негізгі көрсеткіш болып есептелуі керек. Қазіргі уақытта азаматтардан алынған салық түгелдей ортақ бюджетке жиналып, сол жерден белгілі бір шамада денсаулық сақтау саласына бөлініп отыр. Бұдан былай салықтың бір бөлігі тек қана денсаулық сақтау саласына жұмсалады. Ол ақша ешқайда кетпейді, тек міндетті әлеуметтік сақтандыру қорында болады.

Қорда неғұрлым көп ақша болса, емханалар да көбірек алады. Бірақ ол ауруханалар немесе емханалар көрсеткен қызметіне қарай алады. Егер оған науқастар бармаса, қаржы алмайды. Ең бастысы – осы. Екіншіден, науқас адамның ем сапасы туралы құқығын қорғайтын ұйым осы сақтандыру қоры болып есептеледі. Егер науқастың шағымы расталса, емі стандартқа сай келмесе, онда қаржы толық берілмейді. Осыған байланысты науқасқа қызмет көрсету сапасы артуы тиіс. Бізде, өкінішке қарай, әзірге бәсекелестік жоқ. Өйткені бюджет қаржысы тек мемлекеттік медициналық ұйымдарға беріледі. Мұнан кейін жекеменшік клиникалық орталықтар мен кабинеттер сақтандыру қорына қатысқан жағдайда оларға да мемлекеттік ем ұйымдарымен бір тәртіп бойынша беріледі. Аурухана, емханалар қазірден осыған дайындалуы керек. Өйткені 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап емделушілер қай ауруханаға, емханаға көбірек барса, қаржы да сонда құйылады. Бәсеке осылай күшейеді.

Азаттық: – Қызметкер жалақысының қанша пайыз аударуы тиіс?

Ерік Байжүнісов: – Мемлекет денсаулық сақтау саласына бұрын беріп келген қаржысын бұдан былай да береді. Бірақ ол зейнеткер, мүгедек, жүкті әйел секілді әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс азаматтар санатына арналады. Мұнан кейін әр адам сақтандыруға қорына қаржы жинайды. Шілденің 1-інен бастап жұмыс берушілер қарауындағы жұмыскерлер үшін жарна төлейді. Әзірге орта есеппен жалақының 1 пайызы ғана, 2018 жылдан бастап 1,5 пайыз, 2020 жылы 2 пайыз, 2022 жылы 3 пайызға жетеді. Дүние жүзінде жұмыс берушілерге белгіленген ең төменгі жарнаның бірі – Қазақстанда, басқаларда – 5-8 пайыз. 2019 жылдан жұмыскер жалақысынан өзі төлей бастайды.

Азаттық: – Жұмыссыздар қалай төлейді?

Қазақстан емханаларының бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстан емханаларының бірі. (Көрнекі сурет)

Ерік Байжүнісов: – Жұмыссызбын деп есептейтін азаматтар арнаулы мекемеге барып ресми түрде жұмыссыз статусын алу керек. Ондайда жарнаны мемлекет төлейді. Өз күнін өзі көріп жүрген кәсіпкер немесе тұрақты емес қаражат көзі бар адамдар сақтандыру қорына қосалқы табыстарының белгілі бір мөлшерін төлеуі керек. Олар бір төменгі айлық жалақының 5 пайызын төлейді. Яғни, ай сайынғы жарна мөлшері - 1414 теңге. Соны төлесе, медициналық көмектің барлық түрлерін ала алады. Былайша айтқанда, сақтандыру жүйесі азаматтардың бәріне теңдей мүмкіндік береді. Жарнаны әркім шама-шарқынша төлейді, медициналық көмекті қажетінше алады. Қазақстан қазірдің өзінде түрлі жекеменшік сақтандыру қорлары жұмыс істейді. Бірақ олар өзіне төленген жарнаға қарай емделушіге белгілі бір көлемнен артық ақша төлемейді. Ал міндетті мемлекеттік сақтандыруда ең төменгі мөлшердегі жарна төлегендердің өзі жүрек, бауыр алмастыру сияқты қымбат операциялардың өзін тегін жасата алады.

Азаттық: – Тегін берілетін дәрі-дәрмекті ала алмай шағымданушылар да кездеседі, тіпті қай дәрінің тегін берілетінін білмейтіндер де бар сияқты.

Ерік Байжүнісов: – Бұл – маңызды мәселе. Емделуге барған науқас дәрігер диагноз қойып, дәрі-дәрмек жазғанда «ол тегін бе, жоқ па» деген сұрақ қоюы керек. Сақтандыру жүйесіне енгізілген дәрі болса, ешкім ол үшін ақша алуға тиіс емес. Егер ақша төлеткен жағдайда, оларға қыруар айыппұл салынады.

Азаттық: – Ол дәрілерді аптекадан тегін алуға бола ма?

Ерік Байжүнісов: – Әрине, болады.

Азаттық: – Таяуда «Қазақстанға келген шетелдіктерді тегін емдейдін болыпты» деген ақпарат шықты.

Ерік Байжүнісов: – Жаңсақ ақпарат. Шетелдіктердің де түр-түрі бар. Қазақстанда тұрақты тұратын, ресми жұмыс істейтін, мемлекетке Қазақстан азаматтарымен бірдей салық төлеп келе жатқан 200 мыңдай шетелдік бар. Сақтандыру жүйесіне кірсе, олар да Қазақстан азаматтарымен бірдей көмек алады. Ал шетелден іссапарға келгендер ол санатқа жатпайды. Тағы бір мәселе, Еуразия экономика одағына мүше елдердің азаматтарына Қазақстан аумағында жедел көмек тегін беріледі. Біздің азаматтарымыз ол елдерге барса да, сондай көмек алады.

Азаттық: –Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG