Accessibility links

Ирак Күрдістаны басшысы Барзани қызметінен кетпек


Ирактың Күрдістан автономиялық аймағының жетекшісі Масуд Барзани.
Ирактың Күрдістан автономиялық аймағының жетекшісі Масуд Барзани.

Ирактың Күрдістан автономиялық аймағының басшысы Масуд Барзани президенттік өкілетін ұзартпайды. 2005 жылдан бері осы қызметте отырған Барзани өкілетін аймақ парламенті мен үкіметке бөліп беру туралы жоспарын сенбі күні Күрдістан автономиясы парламентіне тапсырған. Парламент құжатты бүгін қарамақшы.

Автономииялық аймақта 1 қарашада президент сайлауы өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ, аймақтағы жағдай күрт шиеленісіп кетуіне байланысты өткен аптада сайлау белгісіз мерзімге дейін кейінге шегерілетіні туралы хабарланған.

Бұған дейін оппозициялық партия Барзаниді отставкаға кетуге шақырған. Саяси оппоненттері оны Киркук провинциясындағы мұнайға бай аудандарға ие бола алмады деп айыптаған. Аталған аудандар қазір үкімет әскерінің бақылауында.

Күрдістан автономиялық аймағының билігі Ирак үкіметінің қарсылығына қарамастан биыл 25 қыркүйекте тәуеліздік туралы референдум өткізгеннен кейін, оған жауап ретінде Ирак армиясы Бағдадты қолдайтын шиит құрылымдарының қолдауымен Киркуктен күрд жасақтарын ығыстыра бастаған.

25 қыркүйектегі дауыс беру нәтижесі бойынша, оған қатысқандардың 93 пайыздан астамы Күрдістан аймағының Ирактан тәуелсіз болғанын қалайтындарын білдірген.

Киркук Күрдістан автономиясының құрамына кірмейді, алайда сол провиницияда тұратындар да референдумге қатысқан.

Бағдад Күрдістан автономиясында өткен референдум - заңсыз деп мәлімдеген.

Оқыңыз: Ирак Күрдістанындағы референдум
XS
SM
MD
LG