Accessibility links

Ирак Күрдістанындағы референдум және Орталық Азиядағы күрдтер


Күрдістан автономиясының туын ұстап көшеге шыққан күрд әйелдері. Киркук, Ирак, 25 қыркүйек 2017 жыл.

Сталиндік қуғын-сүргін кезінде Кавказдан Орталық Азияға депортацияланған күрд диаспорасы Ирактың Күрдістан автономиялы аймағында өткен тәуелсіздік туралы референдумды "ғасырлар бойғы күрд халқы арманының жүзеге асуы" деп бағалайды. Әлем елдерінің көбі референдум нәтижесін мойындамайды.

КҮРДІСТАНДАҒЫ ДАУЫС БЕРУ

25 қыркүйекте Ирактың Күрдістан автономиялық аймағында "Күрдістанның тәуелсіздігі" дауысқа қойылған референдум өтті. Автономия билігінің хабарлауынша, дауыс беруге жарамды азаматтардың 72 пайызы қатысқан референдум нәтижесінде Күрдістан тәуелсіздігін қолдап дауыс бергендердің мөлшері 92,7 пайызға жеткен. Референдумнан кейін күрдтер қоныстанған елдерде диаспора өкілдері бір-бірін құттықтап жатты.

Иран және Түркия тәрізді Иракпен іргелес елдер басшылығы бұл референдумды "қауіпті" деп тауып, Күрдістан тәуелсіздігін ресми мойындамайтындығын мәлімдеді. Бағдадтағы орталық билік референдумды "заңсыз" деп бағалап, соңынан Ирак Күрдістанына қатынайтын халықаралық ұшақ рейстерін тоқтатып тастады. Орталық билік күрдтер бақылауындағы Ирактың Иранмен, Сириямен және Түркиямен шекарасына әскер аттандыра бастады. Бағдад, Анкара мен Тегеран Ирак Күрдістанының аймақпен экономикалық байланысына кедергі жасап, оқшаулау арқылы тәуелсіздік алу ұмтылысынан айнытқысы келеді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Күрдістанға экономикалық және әскери блокада жасайтыны туралы мәлімдеді.

Ирактың Күрдістан автономиялық аймағының басшысы Масуд Барзани Ирактан тәуелсіздік алу туралы референдумға дауыс беріп жатыр. Эрбил, 25 қыркүйек 2017 жыл.
Ирактың Күрдістан автономиялық аймағының басшысы Масуд Барзани Ирактан тәуелсіздік алу туралы референдумға дауыс беріп жатыр. Эрбил, 25 қыркүйек 2017 жыл.

29 қыркүйекте Анкарада өткен Түркия мен Ресей президенттерінің кездесуінде Ердоған мен Путин Ирактың территориялық тұтастығын қолдайтындығын жариялады. Америка да Ирак Күрдістанындағы референдум нәтижесін ресми түрде мойындамайтындығын айтты. Таяу Шығыстағы араб елдері де мұндай референдумның өтуін қолдамады. Тек Израиль ғана Күрдістан тәуелсіздігін мойындайтындығын білдірді. Франция президенті Эммануель Макрон Ирак премьері мен Ирак Күрдістаны басшысын Парижге келіссөзге шақырды.

Күрдістан аймағы Иран, Ирак, Түркия, Сирия ортасында орналасқан. Олардың ішінде автономиялық құқыққа ие болып отырғаны – Ирак Күрдістаны ғана. Күрдістан тәуелсіздік туралы референдум тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ирак Күрдістанында сайлау учаскелерінде референдум өтіп жатқан сәтте базарлар мен дүкендерде азық-түлік, жалпы халық тұтынатын өнімдердің бағасы өскені жайлы айтылады. Күрдістан автономиясы аймағындағы референдумға күрдтердің "Горран" партиясы, Күрдістан исламдық партиясы қатыспады. Сонымен бірге осы аймақтағы жергілікті арабтар, түркімендер және езидтер референдумға бойкот жариялады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ КҮРД ДИАСПОРАСЫ

Күрд диаспорасы Орталық Азияға сталиндік қуғын-сүргін жылдары жүргізілген депортация кезінде күштеп қоныстандырылған. Олардың дені Қазақстан мен Қырғызстанда тұрады. Күрд диаспорасы өкілдерінің айтуынша, олардың кейбірі ұлтын әзербайжан, түрік ретінде көрсетуге мәжбүр болған. Сондықтан да олардың Орталық Азиядағы саны нақты емес. Қазақстанда 49 мыңдай күрд тұрады деп есептелгенімен, "Барбанг" - Қазақстан күрдтерінің қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоевтың айтуынша, елдегі күрдтердің саны 80 мың шамасында болуы мүмкін. Қырғызстан күрдтерінің саны 13 мыңнан асады делінгенімен, "Мидия" - Қырғызстан күрдтері қоғамдық бірлестігі басшысы Рамазан Сеидовтің пайымдауынша, қазір қырғыз елінде 30 мыңдай күрд тұрады.

Ұлттық музыкалық аспаптарда ойнап, өнер көрсетіп отырған күрд қыз-келіншектері.
Ұлттық музыкалық аспаптарда ойнап, өнер көрсетіп отырған күрд қыз-келіншектері.

Қазақстандағы күрдтер негізінен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарына қоныстанған. Ал Қырғызстандағы күрдтер Шу алқабында, Ош, Жалалабад және Талас облыстарында тұрады. Қазақстан мен Қырғызстанға күрдтер 1937 жылы сталиндік репрессия кезінде депортацияланды. Кейіннен 1944 жылы күрдтердің тағы бір бөлігін әкелген. Оларды сол кезде "арнайы қоныстанушы" деп атаған. Тек 1956 жылдан кейін ғана жергілікті күрдтер осы атаудан арылып, өзгелермен тең құқыққа ие бола бастады.

Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, Қазақстан мен Қырғызстанда жергілікті күрдтер өздерінің мәдени қауымдастығын құрып, ұлттық мәдени шараларын өткізіп тұрады. 25 қыркүйек күні Бішкекте саябақта күрдтер қолдарына Қырғызстан және Күрдістан туларын ұстап шығып, ұлттық ән-күйлерін орындап, референдум өткен күнді арнайы атап өтті. Қазақстан күрдтерінің одағы референдумнан кейін Ирак Күрдістаны басшысы Масуд Барзаниді "күрд халқының ғасырлар бойғы азаттық пен тәуелсіздік жолындағы арманы орындалғанымен" құттықтады.

Қазақстан күрдтерінің "Барбанг" қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоевтың айтуынша, Қазақстанға күрдтер алғаш рет 1937 жылы Оңтүстік Кавказдан келген. Түбі түркиялық күрдтер алдымен Совет одағы аумағына өткен. Кейін оларды бері қарай көшірген.

- Біз биыл қараша айының соңында күрдердің Қазақстанға келгеніне 80 жыл толғанын атап өтпекшіміз. Алғаш көшіп келгенде қазақ халқының бізге қалай қамқор болғанын ұмытпаймыз. Әрбір күрд отбасының осыған байланысты айтары бар шығар деп ойлаймын, - дейді Князь Мирзоев.

Оның Азаттыққа айтуынша, Иракты Саддам Хусейн билеп тұрған тұста Ирак Күрдістанындағы күрдтердің ұлт ретіндегі құқықтары қатты шектелген. Түркияда да күрдтерге қысым қатты болған дейді Мирзоев.

- Ердоған 2003 жылы билікке келгенге дейін күрдтер қатты қысымға алынды. Түркияда күрдтердің өз тілінде сөйлеуіне енді ғана рұқсат берілді, - дейді Қазақстандағы күрдтер қауымдастығының төрағасы.

Князь Мирзияевтің айтқандарына қарағанда, диаспора өкілдері Ирак Күрдістанындағы тәуелсіздік референдумы туралы хабарды оң қабылдаған.

- Бұл референдумды демократияның көрінісі деп білеміз. Біз адами жағынан келгенде де референдум нәтижесін сыйлау керек деп есептейміз, - дейді ол.

Қазақстандағы күрдтер қауымдастығының басшысы Қырғызстандағы күрдтердің де шығу тегі жағынан алғанда Қазақстан күрдтеріне жақын екенін айтады. Орталық Азия елдерінен басқа Кавказда Әзірбайжан, Армения және Грузияда да күрд диаспорасы тұрады. Қазір Орталық Азияда Өзбекстанда тұратын күрдтердің саны азайып кеткен. Ал Түркіменстандағы күрдтер негізінен Иранның Хорасан аймағынан келген.

- Күрд тілі мен тәжік тілі бір-біріне жақын иран тобындағы тілдер болғанымен, Тәжікстанда күрдтер өте аз, жоққа тән, - дейді Князь Мирзоев.

Қырғызстандағы күрдтердің "Мидия" қоғамдық бірлестігінің басшысы Рамазан Сеидов өздерінің Өзбекстан және Түркіменстанда тұратын күрдермен тығыз байланыс болмаса да араласып тұратынын айтады.

- Өзбекстанда Ташкент облысында аздаған күрд диаспорасы тұрады. Ирак Күрдістанның қазіргі президенті Масуд Барзанидың әкесі Мұстафа Барзани 1947-1958 жылдары Совет одағында болғанда Ташкентте де тұрған. Ал Түркіменстандағы 30 мыңнан астам күрд ассимилияцияланып кеткен. Көбі өз тілін білмейді, - дейді Қырғызстандағы күрдтер бірлестігінің басшысы Азаттыққа.

Қазір Ирак Күрдістаны автономиялық аймағымен шектесетін елдердің шекарасын жапқаны хабарланған. Ресми тілі араб және күрді тілдері болып келетін Ирак – федеративті мемлекет. Елде күрдтер арабтардан кейін саны көп халық ретінде аталады. Ирак тұрғындарының саны 30 миллионнан асады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG