Accessibility links

Өзі басқарған партия Мугабеге биліктен кетуге бір күн берді


Зимбабве президенті Роберт Мугабе әскери және жай киімдегі адамдардың ортасында. Хараре, 17 қараша 2017 жыл.

Зимбабвенің биліктегі "Зимбабвенің африкалық ұлттық одағы – Патриоттық майдан" партиясы Роберт Мугабеге ел президенті қызметінен өз еркімен кетуге дүйсенбіге дейін мұрсат беріп, әйтпесе оған импичмент жарияланатыны туралы ескерткен. Бұл туралы қауіпсіздік министрі Патрик Чинамасқа сілтеме жасап Reuters хабарлады. Ол жексенбіде билік партиясы арнайы отырысында Мугабені партия басшылығынан кетіргеннен кейін баспасөз мәслихатында сөйлеген.

Британдық Daily Mail басылымы 93 жастағы Роберт Мугабенің өзін үйқамақта ұстауға наразылық білдіріп, аштық жариялағаны туралы хабарлады. Мугабенің отбасы мүшелерінің бірінің айтуынша, ол сенбіден бері ас ішуден бас тартып, "шындық үшін өлуге" бар екенін мәлімдеген.

Мугабенің аштық жариялағаны туралы ақпаратты билік партиясының мүшелерінің бірі басылымға растаған. "Өткен тәулік ішінде қария түрлі амалдар істеп бақты: аштық жариялады, қорқытпақ болды, сөйлесуден бас тартты", - дейді ол.

Бұған дейін биліктегі "Зимбабвенің африкалық ұлттық одағы – Патриоттық майдан" партиясының орталық комитеті 19 қарашада өткізген арнайы отырысында Роберт Мугабені партия басшылығынан алғаны туралы хабарланған. Билік партиясының жаңа басшысы болып бұрынғы вице-президент Эммерсон Мнангагва сайланған.

Бұл хабардан кейін "Зимбабвенің африкалық ұлттық одағы – Патриоттық майдан" партиясы орталық комитетінің жексенбідегі арнайы отырысына қатысушылардың шаттанып ән салып, би билеп жатқан видеосы әлеуметтік желілерде тараған.

18 қарашада ел астанасы Хараре қаласында ондаған мың адам көшеге шығып, Мугабені биліктен шеттеткен әскерилерге қолдау білдірген. Сенбінің кешінде Мугабенің кортежі Хараредегі мемлекет басшысының "Көгілдір шатыр" резиденциясынан шығып кеткен. Кей бұқаралық ақпарат құралдары Мугабе елден кетіп қалды деп хабарлады. Әзірше ресми орындар ол ақпаратты растаған жоқ.

Сәрсенбі күні Зимбабве қарулы күштері елде төңкеріс жасағаннан кейін Мугабе мен оның әйелі "Көгілдір шатыр" резиденциясында әскерилердің бақылауында болған. 17 қарашада Роберт Мугабе Хараредегі Ашық университет түлектеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысқан. Бұл шараға әскерилермен бірге келген ол елдегі жағдай туралы ештеңе айтпаған.

93 жастағы Роберт Мугабе Зимбабве Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған 1980 жылдан бері билік басында отырған.

Оқыңыз: Зимбабведе - төңкеріс, Мугабе - "қамауда"

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG