Accessibility links

Испания бас прокуроры кенеттен қайтыс болды


Испания астанасы Мадрид қаласындағы тарихи ғимарат. (Көрнекі сурет.)
Испания астанасы Мадрид қаласындағы тарихи ғимарат. (Көрнекі сурет.)

Аргентинада жұмыс сапарымен жүрген Испания бас прокуроры Хосе Мануэль Маса кенеттен қайтыс болды. Сенбі күні Буэнос-Айрес ауруханасына шұғыл жатқызылған ол белгісіз инфекция жұқтарған деп хабарланды.

Қазаға байланысты көңіл айтқан Испания премьер-министрі Мариано Рахой марқұмның бүкіл ғұмырын Испанияның игілігіне арнағанын атап өткен.

Хосе Мануэль Маса Испанияның Каталония автономды аймағының тәуелсіздігі туралы биыл қазанда референдум өткізгеннен кейін көп ұзамай биліктен шеттетілген аймақтың жікшіл саяси басшылығына қарсы процесте бас айыптаушы болатын. Соңғы рет 30 қазанда көпшілік алдында сөйлеген сөзінде бас прокурор Хосе Мануэль Маса Каталония атқару билігінің бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон мен оның жақын серіктеріне қарсы "бүлікке айдап салу" бабы бойынша айып тағылатыны туралы мәлімдеген.

Мадрид тұтқындауға пәрмен берген Пучдемон мен каталониялық үкіметтің бұрынғы төрт мүшесі Бельгияға қашқан. Брюссель соты оларды Испанияға қайтару мәселесін 4 желтоқсанда қарамақ.

XS
SM
MD
LG