Accessibility links

БҰҰ-да қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай талқыланды


Миргүл Молдоисаева, Қырғызстанның БҰҰ-дағы өкілі.
Миргүл Молдоисаева, Қырғызстанның БҰҰ-дағы өкілі.

Қырғызстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі ұйымға мүше елдерді Қазақстан-Қырғызстан шекарасында қалыптасқан жағдайдан хабардар етті. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 17 қарашада БҰҰ штаб-пәтерінде Бас Ассамблеяның екінші комитетінің отырысында экономикалық, экологиялық және қаржылық мәселелерге қатысты бірсыпыра қарар қаралғанын хабарлады.

"Бір жақты экономикалық шаралар - дамушы елдерді саяси және экономикалық тұрғыдан мәжбүрлеу шаралары ретінде" деп аталатын қарарды талқылау кезінде Қырғызстан өкілі Миргүл Молдоисаева Қазақстанның 10 қазаннан бастап шекарада "адам, көлік пен тауардың еркін өтуіне қолдан кедергі жасап отырғанын" мәлімдеген.

"БҰҰ-ға мүше елдер Қазақстан-Қырғызстан шекарасында қалыптасқан жағдайдан, Қырғызстан экономикасына зиян келтіру үшін және елдің инвестициялық әрі туристік тартымдылығына нұқсан келтіру мақсатында экономикалық және транспорттық блокада қолданылып жатқанынан хабардар етілді" делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Қарарда бір де бір мемлекет басқа мемлекетті өзіне тәуелді қылу мақсатымен біржақты экономикалық, саяси я басқа қандай да бір шараларды қабылдай алмайтыны айтылған. Қырғызстан делегациясы құжат қабылданса ол елдің орнықты дамуына нұқсан келтіріп, ынтымақтастықты бұзатын кедергілерді жоюға түрткі болатынынан үмітті екенін білдірген.

Қырғызстан аталған қарардың қабылдануын қолдап дауыс берген.

7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Тараптар 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді жеңілдетуге келіскен болатын.

Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін "контрабандамен күресу үшін" күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтып, Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) жүгінген.

Өткен аптада Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығының атына тағы да сын айтып, Қырғызстан Қазақстан билігінің "өзімбілемдігі" салдарынан бір айдан астам уақыт ЕАЭО-мен байланысын үзгенін мәлімдеген. Кеше Атамбаев қорытынды баспасөз конференциясында "көршіге сабақ" болатын ісіне өкінбейтінін айтқан.

Алмазбек Атамбаевтың баспасөз конференциясы (20.11.2017)

Атамбаев Өтемұратов пен Тоқаев жайлы да айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:06 0:00

XS
SM
MD
LG