Accessibility links

Қазақстанда тұңғыш президент күнін мерекелеп жатыр


Қазақстанның тұңғыш президенті күні туралы көшедегі жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 30 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қазақстанның тұңғыш президенті күні туралы көшедегі жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 30 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бүгін, желтоқсанның 1-і – Қазақстанның тұңғыш президенті күні. 2011 жылғы желтоқсанда Қазақстан парламенті қабылдаған мерекелер туралы заңға сәйкес, бұл күн Қазақстанның тұңғыш президенті құрметіне аталып, ресми түрде демалыс болып бекітілген. Содан бері қалыптасқан дәстүр бойынша жылда осы күні Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызмет жолына арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Биылғы мейрам күні қарсаңында Алматы мәслихаты қала орталығындағы Фурманов көшесінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау туралы шешім қабылдады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Фурманов көшесін Назарбаев даңғылы деп өзгертеді

Өткен жылы осы күнге орайластырып Талдықорған қаласында Назарбаевқа ескерткіш қойған. Биыл жазда Астана қаласының халықаралық әуежайына Назарбаевтың есімі берілген. Қазір Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев атында университет пен зияткерлік мектептер, бірнеше қор, мұражайлар, саябақтар мен тарихи-мәдени орталықтар жұмыс істейді. Іле Алатауындағы бұрынғы шыңдардың біріне де Нұрсұлтан есімі берілген. Қазақстан ғылым академиясы оны "Ғасыр ғұламасы" деген атақпен марапаттаған. Қазақстанмен бірге бірқатар шет мемлекеттерде Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі салынған мүсін-ескерткіштер орнатылған. Мерекелік күндер санатына енгізілген Астана күні де президенттің туған күнімен дөп келеді. Бұған дейін кей лауазымды шенеуніктер, парламент депутаттары тарапынан Астана қаласына Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс бірнеше мәрте жасалған.

Қарсыластары мұндай іс-әрекеттерді Назарбаевтың автократиялық билігінің әсері және жеке басқа табыну белгілері деп санайды.

77 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылғы маусымнан бері басқарып отыр. 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Назарбаевты республика президенті етіп бекіткен. 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық президент сайлауы өтіп, сайлауға жалғыз кандидат болып түскен Нұрсұлтан Назарбаев [ресми мәлімет бойынша] сайлаушылардың 98,7 пайызының қолдауымен Қазақ ССР президенті болып қайта сайланды. Бұдан соң Қазақстанда президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу және референдум жасау "дәстүрге" айналды. Назарбаев жеңген барлық сайлауларды кей халықаралық бақылаушылар "әділ әрі ашық емес", "шынайы бәсеке жоқ және сөз бостандығы шектелген жағдайда өтті" деп сынаған.

XS
SM
MD
LG