Accessibility links

Путин: АҚШ-тың Иерусалимге қатысты ұстанымы тұрақсыздық орнатады


Владимир Путин, Ресей президенті. Анкара, 11 желтоқсан 2017 жыл.

Ресей Түркияның АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп тануы Таяу Шығыста тұрақсыздық орнатады деген пікіріне қосылады. Ресей президенті Владимир Путин 11 желтоқсанда Анкарада Түркия президенті Режеп Ердоғанмен кездесуінен соң өткізген баспасөз конференциясында Ресей таяуда Түркиямен қорғаныс өнеркәсібі саласында келісімге қол қоятынынан үмітті екенін мәлімдеді.

Режеп Ердоған Анкара мен Мәскеу АҚШ-тың Иерусалимге қатысты әрекетінде бір ұстанымда екенін мәлімдеп, екі ел басшысы да бұл мәселе бойынша байланыста болуға келіскенін айтты. Ол Түркия мен Ресей билігінің өкілдері жақын күндері Түркияның ресейлік С-400 зенит-зымыран кешенін сатып алуына қатысты келісімді пысықтау үшін кездесетінін айтты.

Түркия президенті әкімшілігінің хабарлауынша, Путин мен Ердоған сонымен қатар Сириядағы және Таяу Шығыстағы жағдайды, екі жақты қарым-қатынасты талқылады.

Желтоқсанның 6-сында АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп тану және Тель-Авивтегі АҚШ елшілігін соған көшіру туралы шешімін жариялағаннан кейін Палестина территориясы мен араб әлемінде наразылық туған. Иордан өзенінің батыс жағалауында тәртіпсіздіктер басталып, Израиль өзіне зымыран атқандарға жауап ретінде Газа секторына әуеден соққы берген. 9 желтоқсан күні ХАМАС радикалдық тобы Израильдің әуе шабуылынан Газа секторында екі адам қаза тапқанын хабарлаған. Иерусалим қаласы мен палестиналық территорияда демонстранттар мен Израиль әскері арасындағы қақтығыстар салдарынан кемінде 760 адам зардап шеккен.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Күре жол мал базарға айналатын күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG