Accessibility links

Назарбаева: Кеншілер мәселесінде ымыралы келісім жасалғаны жөн


Дариға Назарбаева, Қазақстан президентінің үлкен қызы, парламент сенатының депутаты.
Дариға Назарбаева, Қазақстан президентінің үлкен қызы, парламент сенатының депутаты.

"Қазақстан президенті Қарағанды облысындағы жағдайды жіті бақылап отыр" деп мәлімдеді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, сенат депутаты Дариға Назарбаева.

Бейсенбі күні журналистердің Қарағанды облысындағы кеншілер ереуіліне қатысты сауалдарына жауап берген Назарбаева президент жағдайдан хабардар екенін, ал өзі "АрселорМиттал Теміртау" басшылығының бұл мәселені даулы жағдайға дейін жеткізгеніне өкінетінін айтты. "Мемлекет басшысы елде не болып жатқанын біліп отыр, әсіресе оның Қарағанды облысындағы жағдайды жіті бақылап отырғанына сенімдімін. Бұл облыс ол үшін бөтен емес. Оның проблемалары барлығымыз сияқты, оған да маңызды" деді Назарбаева.

Ол кеншілердің жалақысын көтеру мәселесі бірінші рет қозғалып отырмағанын, олардың еңбек жағдайы ауыр екенін де айтты. "Оларға әр күні денсаулығы мен өміріне қауіп-қатер төнеді. Бұл шахталардан көптеген отбасы жан бағады... Бірақ комбинаттың өзіндегі біз білмейтін экономикалық жағдайды да ескеру керек. "АрселорМиттал" да жалақыны 100 пайызға көтеруге экономикалық мүмкіндіктері бар ма, жоқ па, оны бізге әзірге айтпай отыр. Қалай болғанда да мен компромистік келісім жасалғанын қалаймын" деді Дариға Назарбаева.

Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының төрт шахтасында жүздеген кенші төрт тәуліктен астам уақыт жер астында отыр. Жер бетіне шығудан бас тартқан кеншілер бірнеше талап қойған. Олардың ең бастылары - жалақыны 100 пайызға көбейту, зейнеткерлікке 50 жастан шығару, еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төлемді 100 пайызға дейін толық төлеу, 2017 жылдың "13-ай жалақысын" төлеу.

Бұған дейін компания бас директоры Парамжит Калон "шахта жұмысын тоқтатып, жер астында рұқсатсыз отыру - мәселені шешпейтінін" айтып, ереуілдеп жатқан кеншілерді шахтадан шығуға шақырған болатын.

Ал облыс әкімінің баспасөз қызметі бастамашыл топ өкілдерімен кеше өткен кездесуде "АрселорМиттал Теміртау" басшысы компания кеншілер өкілдерімен шахталардағы барлық кеншілер таяу уақытта жер бетіне шыққан жағдайда ғана келіссөз бастауға даяр екенін хабарлаған.

Әкімдік компания "бұл талап орындалған жағдайда кеншілерге қатысты қандай да бір жазалаудың болмайтынына кепілдік беретінін" айтқан.

Бірақ бүгін компанияның кеншілер ереуілін заңсыз деп тануды талап етіп, кеншілер мен көмір өндірушілердің "Қорғау" кәсіподағын сотқа бергені белгілі болды.

XS
SM
MD
LG