Accessibility links

Назарбаев: Қырғызстанға зиянымыз тиген емес


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуде отыр. Астана, 25 желтоқсан 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуде отыр. Астана, 25 желтоқсан 2017 жыл.

"Қазақстан Қырғызстанға залал келтіретіндей бір де бір нәрсе жасаған емес" деп мәлімдеді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. ҚазАқпараттың хабарлауынша, президент бұл жайында Астанаға ресми сапармен келген Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуінде айтты.

Жээнбековпен ол президент болып сайланғаннан бері екінші рет кездесіп отырғанын айтқан Назарбаев Қазақстан Қырғызстанмен арадағы барлық мәселені шешуге дайын екенін айтты. "Өз басым, Қазақстан, Қырғызстан туралы бір рет болсын нашар пікір айтқан емеспіз және Қырғызстанға залал келтіретін бір де бір нәрсе жасаған жоқпыз. Бұл рас. Себебі біз келеміз, кетеміз. Ал көрші елдер қалады. Олар бізге дейін де болған. Әр ұрпақтың міндеті - достық жібін келесі ұрпаққа тапсыру. Сондықтан, қош келдіңіз. Халық сізді сайлады, сізді құттықтаймын" деді Назарбаев Жээнбековпен жеке кездесуінде.

Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға сапарлауға шақырғаны, президент болып сайлануымен құттықтағаны үшін алғыс білдіріп, оны "ақсақал" деп атады. "Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толады. Мәңгі достық туралы келісімге қол қойғанымызға 20 жыл болды. Бұл сапар осы айтулы даталармен сәйкес келіп тұр" деді Жээнбеков.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Астанаға ресми сапармен бүгін келген. Ол Назарбаевпен жеке кездескен соң онымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізбек. 26 желтоқсанда Жээнбеков ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барады.

7 қазанда Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Оған дейін, қыркүйек айының орта шенінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті сайлауына түсіп жатқан кандидат Омурбек Бабановпен кездескен еді. Ресми Бішкек мұны "Қазақстан жағының Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысуы" деп бағалаған. 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Шекарадағы мәселе Қырғызстан президенті болып сайланған Сооронбай Жээнбеков қызметіне кірісіп, 30 қарашада Минскіде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеннен кейін ғана шешілген.

XS
SM
MD
LG