Accessibility links

Литва "Магнитский тізіміндегі" 49 ресейліктің аты-жөнін жариялады


Ресей түрмесінде қаза тапқан заңгер Сергей Магнитскийдің бейнесі мен құжаттардан коллаж.
Ресей түрмесінде қаза тапқан заңгер Сергей Магнитскийдің бейнесі мен құжаттардан коллаж.

Литва ішкі істер министрі Эймутис Мисюнас адам құқықтарын бұзуға және күмәнді қаржыны заңдастыруға қатысы бар 49 ресейлік азаматтың қаңтардың 12-інен бастап Литва жеріне кіруіне тыйым салды. Бұл адамдар Литвада биылғы жыл басында күшіне енген "Магнитский заңы" негізінде "қара тізімге" кіргізілген болатын.

Литва сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, аталған тізім шетелдік әріптестермен жүргізілген кеңесулерден соң жасалған.

Литва президенті Даля Грибаускайте "Магнитский аткісіне" 2017 жылғы қаращшаның 27-і күні қол қойған. Президенттің мәлімдеуінше, бұл құжат "адам құқығын бұзушылар" мен "лас ақшаны" заңдастырумен айналысатындарға қарсы бағытталған. Тізімге алынған шетелдіктер Еуропа одағына, Еуропалық еркін сауда ассоциациясына және НАТО ұйымына мүше мемлекет – Литваға кіре алмайды.

Литва парламент қабылдаған заң негізінде түзілген тізімде Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин, Магнитскийдің ісін жүргізген Ресей ішкі істер министрлігі жанындағы тергеу комитеті жетекшісінің орынбасары генерал-майор Олег Логунов, Магнитский ісі бойынша шешім шығарған судьялар Елена Сташина, Алексей Криворучко, Светлана Ухналева мен Сергей Подопригоров, кезінде Магнитский бюджет қаржысына қатысты ауқымды айла-шарғыларын әшкерелеген Мәскеу қалалық салық инспекциясының басшылығы және басқалар бар.

Литваға дейін "Магнитский заңын" АҚШ, Ұлыбритания, Канада мен Эстония қабылдаған. Осы заң негізінде бекітілген "қара тізімі" де үнемі толықтырылып отырады. Мысалы, 2017 жылғы желтоқсанда АҚШ қаржы министрлігі "Магнитский тізіміне" Ресейдің Шешенстан аймағының басшысы Рамзан Қадыровты, Ресей бас прокурорының ұлы Артем Чайканы және Өзбекстанның тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің үлкен қызық Гүлнәра Каримованы енгізген.

"Магнитский заңы" 2009 жылы қарашада Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері, Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген Сергей Магнитскийдің құрметіне аталып кеткен. АҚШ Конгресі қабылдап, кейін кеңейтілген заң бойынша Вашингтон "адам құқығын бұзуға қатысы бар" деп білетін ресейліктерге экономикалық санкциялар салу және виза бермеу қарастырылған. Өткен жылы қарашада АҚШ үкіметі "Магнитский актісін" орындауды жалғастыра беретіні туралы мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG