БҰҰ санкцияларына қарамастан Солтүстік Корея 2017 жылы заңсыз көмір және қару сатудан 200 миллион доллар тапқан. Бұл туралы БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшыларының есебіне сілтеме жасап Reuters хабарлады.
Баяндамада Солтүстік Кореяның жалған құжаттардың көмегімен Ресей, Қытай, Малайзия және Вьетнам порттарына көмір жеткізгені туралы айтылған. Жалған құжаттарда көмірді Ресей мен Қытайда өндірілген деп көрсеткен. Есеп авторларының айтуынша, Солтүстік Корея осындай жолмен 23 рет тыйымды бұзған.
Бақылаушылар Солтүстік Кореяның Сирия және Мьянмамен ынтымақтастығын да зерттеген. Олардың сөзінше, 2012 жылдан 2017 жылға дейін Сирияның ғылыми зерттеу және әзірлеу орталығына ондаған мәрте жарияланбаған жүк жіберген. Бұл орталық елдегі химиялық қару жөніндегі бағдарламаның үйлестірушісі саналады. Reuters мәліметінде екі жүкті аты-жөні аталмаған елдердің арнайы қызметтері қолға түсіргені туралы айтылған. Олар жүктен тапқан заттың қышқылдың әсеріне бой бермейтіні анықталған. Зерттеу авторларының болжамы бойынша, бұл заттар ірі химиялық кәсіпорын құрған кезде пайдаланылуы мүмкін.
Бұдан өзге баяндамада Солтүстік Кореяның Мьянмаға "жер-әуе" баллистикалық зымырандарын сатқаны жайлы айтылған.
Бұған дейін Reuters барлау қызметіндегі дерек көзіне сілтеме жасап, Солтүстік Кореяның БҰҰ тыйымына қарамастан отын сатқан, бұл үшін Ресейді транзиттік ел ретінде пайдаланған деп хабарлаған. Агенттік Ресей билік орындары бұл жайдан хабарсыз болуы да мүмкін деп жазған. Бұл бойынша Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "барлау қызметіндегі аты-жөні жоқ дерек көздерінің" ақпаратына комментарий бермейтінін мәлімдеген.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2016 жылы Солтүстік Кореяның шетке көмір сатуына шектеу енгізген. Қарарға сәйкес, халықаралық ұйымға мүше елдер ай сайын Солтүстік Кореядан қанша көмір сатып алғаны туралы есеп беріп отыруға міндетті. Пхеньянның кезекті мәрте зымыран сынақтарын өткізуіне байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2017 жылғы желтоқсанның соңында Солтүстік Кореяға қарсы санкцияны қатайтқан. Жаңадан енгізілген шектеу бойынша Солтүстік Корея сырт елдерден сатып алатын мұнай өнімдері көлемі 85 пайызға қысқартылып, өзге елдерде жұмыс істеп жатқан Солтүстік Корея азаматтары екі жылдың ішінде Отандарына қайтарылуы тиіс.