Accessibility links

Ауғанстанда «әйелді соқты» деген күдікпен жеті адам тұтқындалды


Паранжа киген ауған әйелі (Көрнекі сурет).
Паранжа киген ауған әйелі (Көрнекі сурет).

Ауғанстан билігі әлеуметтік желіде тарап кеткен видеодағы әйелді таяқпен соғуға қатысы бар деген күдікпен жеті ер адам тұтқындалғанын хабарлады.

Тахрар уәлаяты губернаторының баспасөз хатшысы Сунатулла Темордың 5 ақпан күні Азаттықтың «Азат Ауғанстан» редакциясына хабарлауынша, ұсталған күдіктілер – зардап шеккен әйелдің туыстары. Болжам бойынша, видеодағы оқиға былтыр желтоқсанда Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Чах Ааб ауданының шалғайдағы елді мекенінде болған.

Видеода көк түсті паранжа киген әйелдің тізерлеп отырғаны және оны айнала қоршап, ортаға алған топ еркектің әйелді тілдеп, айқайлағаны түсірілген. Тізерлеп отырған әйелді ер адамдар таяқпен арқасынан, басынан және денесінен аяусыз соғады. Болжам бойынша, әйелді ұрғандардың арасында туыстары да бар.

«Қамалған ер адамдар әйелдің туыстары. Ол әйел қазір уәлаят орталығында қауіпсіз жерде отыр» деді Сунатулла Темор.

Куәгерлердің айтуынша, жергілікті дін басылары 22 жастағы әйелді күйеуі Иранда жүрген кезінде «некеден тыс өмір сүрген» деп айыптап, жазалауға бұйырған.

Ауғанстанда әйелдерді жазалау тәжірибесі кең таралған деуге болады. Соңғы жылдары елде бірнеше әйел «моральдық ережені бұзды» деген айыппен көпшіліктің жазалауына ұшыраған.

2015 жылы наурызда бір топ ер адам 27 жастағы әйел Фархунда Маликзаданы «Құранды өртеді» деп жазықсыз айыптап, аяусыз ұрып-соғып, өлтірген. Фархунданың өлімі Ауғанстан қоғамында жаппай наразылықтар тудырды.

Ауғанстан соты 11 полицейді Фархунданы өлтіру кезінде «әрекетсіздік танытып, қызметтік міндеттерін атқармады» деп айыптап, соттаған.

XS
SM
MD
LG