Accessibility links

АМТ кеншілер ереуілінен соң белсенділерді сотқа берді


«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы кәсіпорнындағы жұмысшылар (Көрнекі сурет).
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы кәсіпорнындағы жұмысшылар (Көрнекі сурет).

Кеншілері былтыр желтоқсанда жалақыларын көтеруді талап етіп, ереуіл өткізген «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясы екі адам мен бір заңды тұлғаның іс-әрекетін заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа арызданды. Компания «Шахтерлер отбасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Томилованы, «Жылу-энергетикалық кешен жұмысшыларының салалық кәсіподағының» Қарағанды облысындағы филиалының төрағасы Дмитрий Синявскийді және металлургтердің «Жақтау» кәсіподағын сотқа беріп отыр.

Қарағанды облысындағы шахталар мен Теміртаудағы металлургиялық комбинатқа ие АМТ азаматтық шағымында «жауапкерлердің ереуілдегі заңсыз әрекеті (әрекетсіздігі) адамдар өміріне қауіп төндіріп, кәсіпорында қалыпты және қауіпсіз жұмыс жүргізуге кедергі келтіргені» айтылады.

Компания арызында «Қазақстан», «Шахтинск», «Тентек» және Ленин атындағы шахталардың жұмысшылары шахтаға түсіп, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткенін айтқан. Арызда ереуілді «шахта жұмысшылары бастап, оған жауапкер тарап қатысып, қолдағаны» көрсетілген.

Компанияның арызында жауапкерлер туралы «Қазақстан» шахтасының аумағында 13 және 14 желтоқсан күндері ереуілді жалғастыруға, талаптарын толық орындатуға үндеп, шахталар жұмысын бөгеді. Басталған заңсыз ереуілді тоқтатуға, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында ереуілді тоқтату және адамдарды шахтадан шығару туралы келіссөзге кедергі келтірді. Жауапкерлер шахтерлер жетекшілері бола тұрып, ереуіл өткізудің заңсыз екенін және оның ықтимал салдары туралы түсіндірмеді» делінген .

Азаттық тілшісі негізгі жауапкерлердің бірі Наталья Томиловамен сөйлесті. Томилова моральдық тұрғыдан сотқа бұрыннан дайын жүргенін және өзінің заңға қайшы ешнәрсе жасамағанын айтады.

- Менің ойымша, бұл бізді жұмысшыларға көмек көрсетуді доғаруымыз үшін және мұндай істермен айналыстырмау үшін істеліп отыр. Бірақ заңда жұмысшылар мүддесін қорғауға тыйым салынбаған, біз әйтеуір қағаз жүзінде болса да құқықтық мемлекетпіз ғой. Жұмысшылар мүддесін заңгерлер де, адвокаттар да және қоғамдық ұйымдар да қорғай алады. Олар (көмек сұраған шахтерлер – Азаттық) мені өздерінің мүддесін қорғаушы етіп таңдады. Бұл кезде ереуіл өтіп жатқан еді. Ал біз оларға 13 желтоқсан күні ғана бардық, бұл дәлелденген факт, оны ешкім терістей алмайды. Біз оларға көмектесуден бас тарта алмадық, жарғы бойынша көмектесуге міндеттіміз. Бізден 500-ге тарта жұмысшы көмек сұрады. Себебі олар өз кәсіподағынан қолдау көрмеген, оған сенбейді, - деді Азаттық тілшісіне Наталья Томилова.

Сотқа дейінгі тыңдау 13 ақпанда Шахтинск қалалық сотында өтетін болды.

Желтоқсанның 11-і күні АМТ компаниясына қарасты шахтада жұмыс істейтін жүздеген кенші жер бетіне шығудан бас тартқан. Олар жалақыны 100 пайызға өсіріп, жеңілдіктер жасауды талап еткен. Кеншілер наразылығы төрт күнге жалғасқан.

Оқи отырыңыз: Билік кеншілердің "қудаланбайтынына" кепіл болмақ

АМТ соттан кеншілер ереуілін заңсыз деп тану туралы шағым түсіріп, Шахтинск қалалық соты ереуілді тоқтату туралы қаулы шығарған соң ғана ереуіл тоқтаған. Кейін компания шағымын қайтарып алған.

XS
SM
MD
LG