Accessibility links

Махмуд Аббас Мәскеуде Владимир Путинмен кездеседі


Махмуд Аббас, Палестина автономиясының басшысы.
Махмуд Аббас, Палестина автономиясының басшысы.

Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас 12 ақпанда Мәскеуге сапарлап барды. Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетін Аббас Палестина мәселесінде Ресей қолдауына ие болғысы келеді.

Аббас Путинмен әуелде Сочиде кездеседі деп жоспарланған. Бірақ Путин 11 ақпан күні Мәскеу түбінде 71 адам қаза тапқан ұшақ апатына қатысты жағдайды бақылап отыру үшін кездесуді Мәскеуге өзгертті.

Бұдан екі апта бұрын Мәскеуге Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сапарлап қайтқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр 6 желтоқсанда Иерусалимді Израильдің астанасы деп танитынын жариялаған соң АҚШ пен Палестинаның қарым-қатынасы шиеленісе бастаған. Трамп бұған қоса АҚШ-тың Израильдегі елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруге бұйырған. Трамптың бұл шешімі араб мемлекеттері мен Батыс елдерінің наразылығын тудырған.

Палестина Иерусалимді өздерінің болашақта құратын мемлекетінің астанасы деп біледі. Израиль Иерусалимнің шығысын аннексиялап алып, қаланы тұтастай өз астанасы деп жариялаған. Бірақ халықаралық қауымдастық мұны мойындамайды. Ал Аббас Ресейдің қолдауына ие болып, ұстанымын нығайтқысы келеді.

Израиль мен АҚШ халықаралық қауымдастықтың БҰҰ-ны бейбіт келіссөзге қосу әрекетіне біраз уақыттан бері қарсы болып келген. Олар БҰҰ-ны келіссөзге қосу Израиль мүддесіне кері әсер етеді деп алаңдайды. Вашингтон мен Тель-Авив екі жақ арасында тікелей келіссөз жүргізілуін талап етеді.

«Ресей мен Путин бейбітшілік жөніндегі халықаралық келіссөз аясында маңызды рөл атқара алады» деген Махмуд Аббастың кеңесшісі Мажди әл-Халиди The Times of Israel басылымына.

20 ақпан күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйлейтін Махмуд Аббас сонымен қатар Дональд Трамптың «АҚШ Палестинаны қаржыландыруды тоқтатады» деген сөзіне де ашуланған.

Палестинаның Мәскеудегі елшісі Абд әл Хафиз Нофаль 11 ақпан күні палестиналықтар АҚШ-ты бейбіт процестен шығарып тастамақ ниетте емесін, «тек келіссөзге басқа да тараптардың қосылғанын қалайтынын» айтқан.

XS
SM
MD
LG