Қазақстан Астана мен елдің солтүстік өңірлеріне газ құбырын тартуға Еуропаның қайта құру және даму банкінен (ЕҚҚДБ) несие алу жайын қарастырып жатыр деп хабарлады энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сілтеген жергілікті агенттіктер.
Астанада 13 ақпанда үкімет жиынында сөйлеген Бозымбаев Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру жобасы аясында «Сарыарқа» магистральді газ құбырын салу үшін «ҚазТрансГаз» компаниясы жобаның техникалық және экономикалық негіздемесін дайындағанын айтты.
«Сараптама жобаға дұрыс баға берді. Қазір жобаны Еуропаның қайта құру және даму банкінен қарыз алып қаржыландыру бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр» деді Қанат Бозымбаев.
Жобаны қаржыландыру мәселесіне қатысты ұлттық экономика мен қаржы министрліктері, Астана әкімдігі, «Самұрық-Қазына» қоры және «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілдерінен жұмыс тобы құрылған.
Жоба бойынша, газ құбырын Қызылордадан Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана, Көкшетау және Петропавлға тарту жоспарланған.