Accessibility links

Абаев: Жаңа әліпбиде IT мамандарының пікірі ескерілді


Дәурен Абаев, ақпарат және коммуникация министрі. Астана, 20 ақпан 2018 жыл.
Дәурен Абаев, ақпарат және коммуникация министрі. Астана, 20 ақпан 2018 жыл.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасын жасауда мамандардың, оның ішінде IT саласы мамандарының пікірлері ескерілгенін айтты.

«Латынды техникалық тұрғыдан енгізуде техникалық топты басқардым. Техникалық топта апострофты латын графикасын енгізуде техникалық тұрғыдан туындайтын проблемаларды көтердік. Елбасы мамандардың айтқаны бойынша осы жаңа нұсқаны енгізіп отыр» деді Дәурен Абаев үкіметте өткен жиыннан соң журналистерге.

Ал Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту комитетінің төрағасы Қуат Борашев апострофты нұсқаға қатысты біраз проблема туындағанын, ал жаңа нұсқа бойынша «сөздерді оқуға да, жазуға да ыңғайлы» екенін айтты.

«Апострофқа байланысты көптеген проблемалар, техникалық мәселелер туындады. Ол халықаралық банк жүйесінде қабылданбай қалу, не болмаса компьютерде тануда аралары бөлініп, бір сөз екі түрлі болып кетуі мүмкін. Жаңа нұсқада сөздер бірігіп, толық оқылады. Оқуға да, жазуға да ыңғайлы болады» деді Қуат Борашев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 19 ақпанда қаулы қабылдап, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпби нұсқасын бекіткен. Жаңа нұсқада қазақ тіліне тән кейбір дыбыстар әріп үстіне қысқа таяқша қою (ғылыми тілде акут деп аталады - ред.) арқылы берілген.

Бұған дейінгі әліпбидің екі нұсқасы - 2017 жылы қыркүйекте ұсынылған диграф (қосарланған әріптер - ред.) жобасы мен былтыр қазанда қабылданған апострофты нұсқасы дау тудырған еді.

XS
SM
MD
LG