Өзбекстанда бұрынғы саяси тұтқын, 64 жастағы Мұхаммед Бекжанға қойылған әкімшілік бақылау жойылды деп хабарлады Азаттықтың Өзбек редакцясы («Озодлик» радиосы). Енді бұрынғы саяси тұтқын АҚШ-та тұратын балаларымен кездесу үшін америкалық виза алып, зейнетақысын рәсімдемек және билік тәркілеген пәтері мен тіркеу мәселесін шешпек.
Мұхаммед Бекжаннан әкімшілік бақылау 22 ақпанда алып тасталған. Бекжан Азаттық тілшісімен әңгімесінде 23 ақпан күні Үргеніштен Ташкентке барғанын айтты.
- Үйіме Янгибазар ауданы ішкі істер басқармасының қызметкерлері келіп, менен әкімшілік бақылаудың алынып тасталғанымен құттықтады, - деді Мұхаммед Бекжан.
Қазір ол елден шығып, АҚШ-қа баруға рұқсат алу үшін ізденіп жүр. АҚШ-та оның 19 жыл бойы көрмеген балалары тұрады.
Түрмеде 18 жыл отырған Мұхаммед Бекжан былтыр бостандыққа шығарылған. Ол әлемде түрмеде ең ұзақ отырған бірнеше журналистің бірі.
Мұхаммед Бекжан Өзбекстандағы «Ерік» оппозициялық партиясының төрағасы Мұхаммед Салихтың інісі әрі «Ерік» газетінің бұрынғы бас редакторы.
Мұхаммед Бекжан мен оның шетелде қуғында жүрген ағасы Мұхаммед Салих 1999 жылы ақпанның 16-сы күні Ташкент қаласында жасалған, құқық органдары сол кездегі ел президенті Ислам Каримовке қарсы қастандық әрекеті деп сипаттаған жарылыстарға қатысы бар деп айыпталған. Түрмеде көрген азаптары туралы баяндаған Мұхаммед Бекжан «елдегі саяси тұтқындардың барлығы түрмеден босамайынша өзгеріс туралы айтуға әлі ерте» деген.
ВИЕО: Мұхаммед Бекжанның түрмеден шыққаннан кейінгі сұхбаты (11.03.2017)