Қырымның Феодосия қалалық сотында айыптаушы прокурор Қырым татарларының белсендісі Сулейман Қадыровты «Ресейдің аумақтық тұтастығын бұзуға жария түрде шақырды» деп айыптап, төрт жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын кесуді сұрады. Прокурор сонымен қатар белсендінің екі жылға дейін қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салуды ұсынды.
Тергеу мәліметінше, Қадыров 2016 жылы наурызда Facebook-тегі парақшасына «Қырым» еріктілер батальоны құрылғаны туралы видео жариялап, бірнеше айдан соң оған «Қырым - ол Украина, әрқашан Украинанікі болған және бола да береді!» деп комментарий жазған. Сарапшылар белсендінің сөзін «елдің аумақтық тұтастығын бұзуға шақыру» деп бағалады.
Жарыссөзде сөйлеген Қадыров кінәсін мойындамады. «Мен украинашыл ұстанымымды ешқашан жасырған емеспін. Ол туралы үнемі айтып жүрмін. Бұл – менің адам және азамат ретіндегі құқығым. Онымды жасырмаймын. Өзімді кінәлі санамаймын» деді Қадыров сотта.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желідегі "сепаратист"
Бұған дейін «Қырымда сепаратизмге жария түрде шақырды» деген айыппен журналист Николай Семена мен Ресейде тыйым салынған Қырым татарлары меджлисі жетекшілерінің бірі Ильми Умеров сотталған.