Accessibility links

ПАРНАС демократ-кандидаттарды сайлаудан бас тартуға шақырды


ПАРНАС партиясының жиыны. Мәскеу, 17 желтоқсан 2016 жыл
ПАРНАС партиясының жиыны. Мәскеу, 17 желтоқсан 2016 жыл

Ресейдің оппозициялық ПАРНАС (Партия народной свободы) партиясы "демократиялық құндылықтарға бейілді екенін жариялаған" кандидаттарды наурыздың 18-іне тағайындалған Ресей президенті сайлауынан бас тартуға шақырды. Бұл туралы партияның федералдық саяси кеңесі сенбі күні қабылдаған мәлімдемеде айтылған.

Онда 2018 жылғы президент сайлауы "Конституцияның мән-мазмұнына қайшы, еркін емес әрі әділетсіз" екенін атап көрсеткен. Әйткенмен ПАРНАС өз жақтастарын дауыс беру күні сайлау учаскелеріне барып, сайлау бюллетеньдеріне "өздері Ресейге ең жақсы болады деп сенетін саясаткердің есімін жазуға және тіркелген кандидаттардың ешбіріне қолдау білдірмеуге" шақырған. Сайлауға дауыс беру ережесі бойынша ондай бюллетендер жарамсыз деп танылады.

Бұған дейін ПАРНАС партиясы жетекшісі Михаил Касьянов Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Ресейдің демократиялық жолмен дамуын жақтайтын күштердің президент сайлауына ортақ кандидат шығара алмағанына қынжылыс білдірген болатын.

Наурыздың 18-і күні өтетін Ресей президенті сайлауына 8 кандидат ресми тіркелген. Солардың бірі – қазіргі президент Владимир Путин бұл қызметке осымен төртінші мәрте сайлануға ниет білдіріп отыр. Өздерінің демократиялық құндылықтарға бейіл екендігін жариялаған кандидаттар арасында Ксения Собчак пен Григорий Явлинский бар. Ресей орталық сайлау комиссиясы оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың соттылығын алға тартып президент сайлауына кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. Навальный мен жақтастары ресейліктерді "сайлауға бойкот жариялауға" үгіттеп жүр.

XS
SM
MD
LG