Accessibility links

Германия үкіметі құрамына социал-демократтар кіреді


Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Социал-демократиялық партия жетекшісі Мартин Шульц қол алысып тұр. Берлин, 12 қаңтар 2018 жыл
Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Социал-демократиялық партия жетекшісі Мартин Шульц қол алысып тұр. Берлин, 12 қаңтар 2018 жыл

Германия Социал-демократиялық партиясы (ГСДП) мүшелері ел канцлері Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық партиясымен (ХДП) "үлкен коалицияға" бірігуге көпшілік дауыспен қолдау білдірді.

Партия ішінде өткен референдум қорытындысы наурыздың 4-і күні таңертең жарияланды. ГСДП мүшелерінің үштен екіге жуығы коалицияға кіруді құптаған. Дауыс беруге 380 мыңға жуық адам қатысқан. Енді Германияда жақын апталарда, парламент сайлауынан соң жарты жылдан аса уақыт өткенде, жаңа үкімет құрылуы ықтимал.

Христиан демократтар мен социал-демократтар бұған дейін жаңа үкіметтегі негізгі лауазымдар туралы келісім жасасқан болатын. Канцлер қызметін Ангела Меркель атқара береді, ал сыртқы істер министрі мен қаржы министрі портфельдері социал-демократтарға беріледі.

Биылғы парламент сайлауында жеңіліп қалған социал-демократтар Меркельдің христиан демократтарымен коалиция құру туралы келіссөз өткізуден ұзақ уақыт бойы бас тартып келген. Бірақ, христиан демократтардың басқа партиялармен коалицияға бірігуге талпыныстары нәтижесіз аяқталғаннан кейін келіссөз өткізуге келіскен. Социал-демократтар басшылығының келіссөз бастау туралы шешімінен кейін, сауалнамалар қорытындысының көрсетуінше, сайлаушылар арасында партияның беделі төмендеп кеткен. Партия өкілдерінің бір бөлігі оппозицияға көшуді жөн көрген, бірақ партия басшылығы ұйым мүшелерінің көпшілігін коалиция құрамында қалуға көндірген.

XS
SM
MD
LG