Accessibility links

Трамп пен Мэй: Ресей Скрипальді улауға қатысты жауап беруі тиіс


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй. Брюссель, 25 мамыр 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй. Брюссель, 25 мамыр 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ресей билігінің өкілдері Ұлыбританияда бұрынғы агентті өлтіру әрекетіне қатысты "анық, айқын жауап беруі тиіс" екенін мәлімдеді. Екі ел басшылары бұл туралы 13 наурызда телефонмен сөйлескенінде айтты.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, Трамп Ресей Бас барлау басқармасының бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлияны жүйке жүйесін зақымдайтын затпен улап өлтірмек болу әрекетіне қатысты Ұлыбритания жүргізіп жатқан тергеуге барынша көмек көрсетуге уәде берді.

Екі ел басшылары да халықаралық нормаларды өрескел бұзып, қауіпті затты қолданғандар қылмысы үшін жауап беруі тиіс деп біледі.

Америкалық Politico басылымының хабарлауынша, Трамп пен Мэйдің әңгімесінде Ресей аталмаған.

12 наурызда Тереза Мэй Ұлыбритания парламентінде Сергей Скрипальге қастандық жасау әрекетін Кремль ұйымдастырған болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Кремль жауларын құртуға пайдаланған улар

Сергей Скрипаль мен қызы Юлия 4 наурыз күні Ұлыбританияның оңтүстігіндегі Солсбери қаласында белгісіз заттан уланып, ауруханаға түскен. Олар содан бері ауруханада ауыр халде жатыр. Британдық тергеушілердің болжамынша, Скрипаль мен қызы СССР тұсында жасалған, жүйкені жансыздандыратын қауіпті химиялық заттан уланған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 13 наурызда Скрипальді улауға қатысы барын жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG