Accessibility links

Лондон: Мәскеу химиялық қару туралы конвенцияны бұзды


БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиыны (Көрнекі сурет).
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиыны (Көрнекі сурет).

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызын улау оқиғасын тергеу үшін шұғыл жиын өткізді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуді бұған дейін Ұлыбритания талап еткен.

Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісі Джонатан Аллен Ресей тергеушілер Скрипаль мен қызын улауға қолданылды деген "Новичок" деп аталатын улы заттың қалай жасалғанын жария етпегенін айтты. Аллен Ресей осылайша Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық конвенцияны бұзып отырғанын айтады. Оның сөзінше, аталған улы затты жасау өте қиын және оны жасауға мемлекеттің қатысы бар болуы ықтимал.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли Вашингтонның Лондонмен ниеттес екенін жеткізді. Оның айтуынша, АҚШ билігі Солсберидегі шабуылға Ресейдің қатысы бар деп біледі. Хейли Мәскеуді Скрипльді улау оқиғасын тергеуге жәрдемдесуге шақырды.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Василий Небензя Ресейдің шартты түрде "Новичок" деп аталатын улы затты жасамағанын мәлімдеді. Ол сонымен қатар Скрипаль уланған химиялық зат "Ұлыбританияның өзінде жасалған болуы мүмкін" деген болжамын айтты. Небензяның сөзінше, "Ұлыбритания Ресейге БҰҰ Конвенциясына сай сауал жолдамаған". Ол Мәскеудің Скрипаль ісін тергеуде Лондонмен жұмы істесуге дайын екенін білдірді.

14 наурызда Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ресейді "Скрипальді улады" деп айыптап, ресейлік 23 дипломатты қайтаратынын мәлімдеген. Ресей Сыртқы істер министрлігі Мәскеу бұған жауап шараларын таяу уақытта жасайтынын ескертті.

Оқи отырыңыз: Кремль жауларын құртуға пайдаланған улар

Сергей Скрипаль мен қызы Юлия наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығында ес-түссіз күйде табылып, ауруханаға жеткізілген. Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты "Ұлыбритания тыңшысы" деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесіне тыңшылық еткен деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль да болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.

XS
SM
MD
LG