Accessibility links

Ресей британдық 23 дипломатты елден шығармақ


Ұлыбританияның Мәскеудегі елшісі Лори Бристоу

Ресей билігі британдық 23 дипломатты елден шығару туралы шешім қабылдады, олар бір аптаның ішінде Ресейден шығып кетуі тиіс. Бұған қоса Ұлыбританияның білім және ғылым саласы бойынша шетелдермен байланыс жөніндегі бейсаяси ұйымы – Британ кеңесінің Ресейдегі өкілдігі жабылады.

Сонымен бірге Ресей бұған дейін Санкт-Петербург қаласында Ұлыбритания консулдығын ашуға берген келісімін кері қайтарып алған. Бұл туралы бүгін таңертең Ресей сыртқы істер министрлігіне шақырылған Ұлыбританияның Мәскеудегі елшісі Лори Бристоу хабарлаған.

Ресей сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде Мәскеудің бұл шешімі – Солсбериде Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улау ісіне байланысты ресейлік 23 дипломатты Ұлыбританиядан шығаруды ұйғарған Лондонның іс-әрекетіне жауап шара екені айтылған.

Ұлыбритания билігі қазіргі кезде ауруханада ес-түссіз жатқан әкелі-балалы Скрипальдарды улауға Мәскеудің қатысы бар деп санайды. Тергеушілер қастандық ұйымдастырушылар "Новичок" деп аталатын жүйкені жансыздандыратын зат қолданған деген болжам айтады.

Жұма күні Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон Біріккен королдік аумағында жүйкені жансыздандыратын зат қолдану туралы бұйрықты Ресей президенті Владимир Путиннің өзі берген болуы мүмкін деп мәлімдеген. Ресей ресми өкілдері елде "Новичок" деген улы зат ешқашан шығарылмағанын айтып, британ тарабының таққан айыбын жоққа шығарған. Мәскеу Лондонды жанжалға ұласқан қылмысты бірлесіп тексеру туралы ұсыныстан бас тартты деп кінәлайды.

AzattyqTV

AzatNews 14.12.2018
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:50 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG