Accessibility links

Борис Джонсон: "Новичок" Ресейде жасалғанына айғақ бар


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон Ресейдің бұрынғы сыртқы барлау қызметінің офицері Сергей Скрипальды улауға пайдаланылған "Новичок" атты улы затты Ресейде шығарғанына дәлел бар деп мәлімдеді.

"Біздің қолымызда Ресейдің соңғы 10 жылда адам өлтіру үшін жүйкені жансыздандыратын заттарды жеткізу мәселесін зерттеп қана қоймай, "Новичок"-ты өндірумен айналысқанына да дәлелдер бар", - деген ол.

Джонсон Лондонның бұл мәселе бойынша Ресеймен бірге жұмыс істеуге және Скрипальды улау оқиғасын тергеу ісіне қатыстыруға дайын екенін де мәлімдеген. Ол мұны Ресейдің Еуропа Одағындағы елшісі Владимир Чижовтың Скрипаль уланған жерге жақын тұста Ұлыбританиядағы ірі химиялық зертхана орналасқан деген мәлімдемесіне жауабында айтқан.

Британ сыртқы істер министрі өзі наурыздың 19-ы күні улы зат үлгілерін Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым сарапшыларына тапсыратыны туралы хабарлаған.

Наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығы маңындағы орындықта ес-түссіз жатқан жерінен табылып, ауруханаға жеткізілген Сергей Скрипаль мен қызы Юлия содан бері өз-өзіне келмеген. Тергеушілер қастандық ұйымдастырушылар "Новичок" деп аталатын жүйкені жансыздандыратын зат қолданған деген болжам айтады.

Ұлыбритания билігі әкелі-балалы Скрипальдарды улауға қатысты Мәскеуді айыптап, ресейлік 23 дипломатты елден шығаратыны туралы мәлімдеген. Айыпты жоққа шығарған Ресей де оған жауап ретінде 23 ағылшын дипломатын елден шығару және Ұлыбританияның білім және ғылым саласы бойынша шетелдермен байланыс жөніндегі бейсаяси ұйымы – Британ кеңесінің Ресейдегі өкілдігін жабу туралы шешім қабылдаған.

AzattyqTV

Күре жол мал базарға айналатын күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG