Accessibility links

АҚШ-та мыңдаған адам қаруға бақылауды күшейтуді талап етті


Солт-Лейк-Сити қаласындағы қару сататын дүкенде. АҚШ, қазан, 2017 жыл
Солт-Лейк-Сити қаласындағы қару сататын дүкенде. АҚШ, қазан, 2017 жыл

АҚШ-тың көптеген қаласында мыңдаған адам атыс қаруын сату және алып жүруге бақылауды күшейтуді талап етіп, "Өміріміз үшін шеру" деген ұранмен наразылық акциясын өткізіп жатыр. Ең көп адам Вашингтонға жиналмақ, мемлекет астанасына басқа штаттардан оқушылар мен олардың ата-аналары автобустармен келіп жатыр.

Кең ауқымды наразылық акциясына биыл ақпанның 14-і күні Поркленд қаласындағы мектепте 17 оқушының оққа ұшуы себеп болған. Осы мектептің 19 жастағы бұрынғы оқушысы білім мекемесіне кіріп, өрт туралы дабылды іске қосқан соң қарудан оқ жаудырған. Кейін ғимараттан шығып кеткен оны полиция қала маңынан ұстаған. Тергеушілер қылмыскердің мектепте жартылай автоматты қарудан оқ атқанын анықтаған.

АҚШ әділет министрі – бас прокурор Джефф Сешнс қарудың жіктелуі мен түрлеріне қатысты заңға өзгеріс енгізуге күш салатыны туралы мәлімдеген. Сешнс жартылай автоматты "дүмі сырғымалы" қаруды автоматты қаруға жатқызуды ұсынған. Өткен жылы Лас-Вегастағы концерт кезінде 58 адамды атып өлтіріп, жүздеген адамды жаралаған қылмыскер дәл осындай қаруды қолданған.

АҚШ-та жеке азаматтарға автоматты қару сатуға және ондай қаруға иелік етуге тыйым салынған. Әділет министрлігінің ұсынысы қолдау тауып, федералдық деңгейде тиісті заң өзгерісі қабылданса, онда бүкіл ел көлемінде әлгіндей қаруға тыйым салынады деп жазады америкалық басылымдар.

XS
SM
MD
LG