Accessibility links

Балтық елдері Ресей елшілерін министрлікке шақыртты


Таллин, Эстония (Көрнекі сурет).
Таллин, Эстония (Көрнекі сурет).

Латвия, Литва және Эстония сыртқы істер министрліктері (СІМ) Ресейдің осы елдердегі елшілерін 26 наурыз күні министрлікке шақыртты. Бұл жайлы дипломатиялық дереккөздеріне сілтеген ТАСС агенттігі хабарлады. Ресейдің Латвиядағы елшісі Евгений Лукьянов сыртқы істер министрлігіне шақыртылған. 26 наурыз күні кешірек дипломат баспасөз конференциясын өткізбек.

Ресейдің Эстониядағы елшісі Александр Петров та сыртқы істер министрлігіне шақыртылған. Эстония СІМ бұл ақпаратқа комментарий беруден бас тартты. ТАСС агенттігінің Ресейдің Литвадағы елшілігіне сілтеп хабарлауынша, елші Александр Удальцов та осы ел сыртқы істер министрлігіне шақыртылған. БАҚ Польшадағы Ресей елшісі Сергей Андреевтің де министрлікке шақыртылғанын хабарлап жатыр.

Өткен аптада Брюссельде өткен кездесуде Еуропа Одағы (ЕО) елдерінің басшылары ЕО-ның Мәскеудегі елшісі Маркус Эдерерді кеңесу үшін шақыртып алуға шешім қабылдаған. ЕО елшісі Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Ұлыбританияның Солсбери қаласында қастандықпен уланғаннан кейін шақыртылып отыр.

Бұған дейін Ұлыбритания қорғаныс министрі Гэвин Уильямсон халықаралық қауымдастық Лондонның Скрипальдің улануына қатысты ұстанымын қолдап отырғанын мәлімдеген. Кремль Скрипальді улауға қатысы барын жоққа шығарып, Ұлыбританияның "Ресейге қарсы кампания бастап отырғанын" мәлімдеген.

Уильямсон Эстонияға сапарында одақтастарының Ұлыбританияны қолдауы Ресей президенті Владимир Путин үшін "жеңіліс болғанын" айтты. "Әлемде Путинге және оның іс-әрекетіне деген төзімділік азайып барады. Халықаралық қауымдастықтың НАТО және ЕО арқылы Ұлыбританияны қолдауы біздің Ресейге берген ең жақсы жауабымыз деп білемін" деді Уильямсон журналистерге.

Кейбір дереккөздері АҚШ президенті Дональд Трамптың да ресейлік кейбір дипломатты еліне қайтару жайын ойластырып жатқанын хабарлады.

Наурыздың 4-і күні Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия уланып қалған. Тергеушілердің болжамынша, оларды кезінде СССР-да жасалған "Новичок" деген жүйкені жансыздандыратын затпен уландырған. Лондон бұның артында Мәскеу тұр деп санайды. Ресей уландыру оқиғасына қатысы жоғын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG