Accessibility links

Шымкентте Ардақ Әшімді қорғау комитеті құрылды


Азаматтық белсенді Ардақ Әшім Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Ардақ Әшім Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл.

Шымкентте азаматтық белсенді, Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған Ардақ Әшімді қорғау комитеті құрылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Комитет төрағасы Шаруа Пірматтың айтуынша, блогер және белсенді Ардақ Әшімді қорғау комитетін облыста тіркелген қоғамдық ұйымдардың он шақты өкілі құрып отыр. Комитет өкілдері билік белсендіні бірнеше рет сотқа тартып, іс қозғап, "қоғамдағы жосықсыз жайттарды ашық айтуға мүмкіндік бермеуге тырысып отыр" деп біледі.

- Биліктің соңғы әрекеті - Қазақстан заңнамасын бұзып, оны сотқа сүйреп, жүйке аурулары ауруханасына жатқызып отыр. Бұл - Совет одағы кезінде қолданылған әдіс. Ол кезде адамды басқа еш жолын таппаса, жүйке аурулары ауруханасына жатқызып, психотроптық дәрілер беріп, жындыға айналдырып, шеттету әрекеті жасалатын, - деді Шаруа Пірмат.

Оның сөзінше, комитет Ардақ Әшімді қорғау үшін түрлі органдарға қайырылып, әкімдікке үндеу жариялайды, тіпті болмаса, халықаралық ұйымдарға шығып, соттасуға дейін бармақ.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған. Бұл туралы Азаттық тілшісі емдеу мекемесіне арнайы барып кездескен кезде белсендінің өзі айтқан. Оның сөзінше, тергеуші өзін емдеу мекемесіне күшпен жатқызу туралы сот арнайы қаулы шығарғанын айтқан.

Осыдан екі апта бұрын полиция қызметкерлері Ардақ Әшімнің Шымкенттегі үйін тінткеннен кейін оны ОҚО ішкі істер департаментіне апарған. Белсендінің айтуынша, тергеушілер одан Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және одан наурыздың 21-і мен 24-і аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған соң босатқан.

Бұған дейін Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев сот тергеуі кезінде Ардақ Әшім есімді қолданушы Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жарияланғаны анықталғаны", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғаны туралы хабарлаған еді.

Ардақ Әшім бұдан өзге жергілікті белсенді Сүйін Абулданың оған қарсы берген шағымы негізінде, Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша қозғалған тағы бір іс бойынша айыпталушы ретінде сотқа тартылып жатыр.

XS
SM
MD
LG