Accessibility links

RWB: Астана журналистерді қудалауын тоқтатсын


"Шекарасыз тілшілер" ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).

"Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders - RWB) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін елдегі БАҚ пен журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырды. Ұйым соңғы күндері Қазақстанда тәуелсіз Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналының редакциялары тінтіліп, төрт журналист аз уақытқа ұсталғанын және сайт жабылғанын айтады. Бұған қоса Шымкентте белсенді, блогер Ардақ Әшімнің психиатрлық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылғаны айтылады.

"Соңғы қудалаулар Қазақстандағы элита арасында елді 30 жылға жуық уақыт басқарып келе жатқан 77 жастағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрагері кім болады деген мәселеде шиеленіс күшейе бастағанда болып отыр. Түрлі элиталық фракциялар арасындағы тартыс пен биліктегі паранойяның кері салдары оппозициялық БАҚ түгедей құртылған Қазақстандағы медиаға әлі тиіп жатыр" делінген RWB мәлімдемесінде.

Ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Иоганн Бих Forbes Kazakhstan журналы мен Ratel.kz журналистерінің және Ардақ Әшімнің қудалануы Қазақсандағы барлық журналиске деген ескерту екенін айтады. "Баспасөзді басып-жаншу мемлекет тап болған тұрақсыздық мәселесін шеше алмайды. Қазақстан билігі журналистер мен блогерлерді мазалау беруін қоятын уақыт жетті" дейді Иоганн Бих.

Аталған БАҚ редакцияларында 2 сәуір күні полиция "көрінеу жалған ақпарат тарату" ісіне байланысты тінту жүргізген. Бұл іс бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжановтың арызынан кейін қозғалған. Кәкімжанов Forbes.kz және Ratel.kz сайттарында соңғы жылдарда өз қызметіне байланысты жарияланған бірнеше мақаланы "қара пиар" және "жалған" деп атайды. Мақалада Кәкімжановтың "сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары" айтылады.

Оқи отырыңыз: Полиция Forbes пен Ratel-дің кеңсесіне жетті

Кәкімжанов өткен жылы аталған басылымдармен соттасып, олардан 50 миллион теңге өндіру туралы шағымын сот қанағаттандырған. Кәкімжановтың "сыбайлас жемқорлыққа қатысы барын" әшкерелемек болған журналистер соттың бұл шешімімен келіспеді.

Наурыздың ортасында Шымкентте полиция қызметкерлері белсенді Ардақ Әшімнің үйін тінткеннен кейін оны Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне апарған. Белсендінің айтуынша, тергеушілер одан Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және одан наурыздың 21-і мен 24-і аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған соң босатқан. Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған.

XS
SM
MD
LG