Accessibility links

"Рухани жаңғыру" бойынша аударылған оқулықтар таныстырылды


"Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша қазақ тіліне аударылған гуманитарлық бағыттағы оқулықтар. Астана, 12 сәуір 2018 жыл.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша қазақ тіліне аударылған гуманитарлық бағыттағы оқулықтар. Астана, 12 сәуір 2018 жыл.

Астанада Тұңғыш президент кітапханасында қазақ тіліне аударылған гуманитарлық бағыттағы 18 оқулық таныстырылды деп хабарлайды. Оқулықтар "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру бойынша "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы аясында аударылған. Оқулықтарды аудару жұмысын "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры іске асырған.

Жаңа оқулықтар "Рухани жаңғыру" бағдарламасының қабылданғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылған жиында таныстырылды. Жиынға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев және ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысып жатыр.


Жиында "Ұлттық аударма бюросының" директоры Рауан Кенжеханұлы жоба аясында философия, әлеуметтану, психология, антропология, дінтану, тіл білімі, журналистика, экономика және менеджмент бойынша 18 оқулық аударылғанын айтты. Оның сөзінше, аударуға 800-ге тарта оқұулық ұсынылып, оның ішінен 100 оқулық таңдап алынған. "Аударатын оқулық әлемдегі таңдаулы 100 университеттің бағдарламасында болуы тиіс, мазмұны өзекті әрі идеялық тұрғыдан бейтарап болуы керек және заман талабына сай интерактивті түрде оқып-үйренуге мүмкіндік беруі керек деген талаппен іріктелді" деді Рауан Кенжеханұлы.

Бір жыл бұрын Қазақстан президенті "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасын жариялаған. Бағдарламаны іске асыруға 2022 жылға дейін бюджеттен 54 миллиард теңге (160 миллион доллардан көп) қарастырылған.

Оқи отырыңыз: "Қоғамдық сананы жаңғыртуға" бөлінген миллиардтар

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы алты бағыттан тұрады – "Туған жер", Қазақтанның киелі жерлерінің географиясы, қазіргі қазақстандық мәдениет, 100 үздік оқулықты аудару, 100 жаңа тұлға және латын әліпбиіне көшу.

XS
SM
MD
LG