Қазақстанның келісім-шарт негізінде қызмет атқаратын бітімгерлер тобы – Қазақстан бітімгерлер полкының (Қазполк) командирі майор Аян Нұрқасов басқаратын 12 офицер мен 18 сержант Үндістанда дайындықтан өткеннен кейін бүгін Алматыға оралды. Енді олар алдағы күзде БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы аясында Ливанға аттанатын Қапшағайда орналасқан Қазполктың жеке құрамын әзірлеуге кіріседі деп хабарлады майор Нұрқасов.
Оның айтуынша, Үндістанда қазақстандықтар бітімгерлер миссиясының арнайы бөлімін ғана емес, сонымен бірге Ливандағы әскери-саяси жағдайда бітімгерлік қызмет атқарудың ерекшелігін, сонымен бірге халықаралық және ұлттық (Ливанның) құқықтар негіздерін үйрететін дайындықтан өткен. Майор Нұрқасовтың сөзінше, қазақстандықтар Ливанда 25 жыл бойы БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссиясын атқарған Үндістанның тәжірибесімен қоса осы салада жинақтаған бітімгерлік қызметі әдістемесі жайлы білім алып, қыр-сырын меңгеріп қайтқан.
Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров сәуірдің 9-ы күні парламентте өткен үкімет сағатында қазақстандық бітімгерлер ротасын Ливандағы БҰҰ миссиясын атқаруға дайындау туралы хабарлаған болатын. Оның сөзінше, Таяу Шығыстағы елге Қазақстаннан 120 бітімгер аттанбақ. Сонымен бірге вице-министр бұған дейін елде бітімгерлік қызмет туралы заң болмағандықтан Қазақстан шетелге бітімгерлерін жібермейтін деп түсіндірген.
2015 жылы Қазақстанда қабылданған «Бітімгерлік қызмет туралы» заңға сәйкес, шетелге бітімгерлік операциясын атқаруға әскерилер тобын аттандыру туралы ел президентінің ұсынысын парламент қарап, шешім шығарады. Қайсыбір операцияға қазақстандық бітімгерлер тобын жіберу туралы мәселені қарауға халықаралық ұйымның шешімі немесе Астана бекіткен халықаралық келісім негіз бола алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Ливанға бітімгерлер күшін жібермек
2005 жылы Иракта жарылғыш заттарды жою кезінде қазақстандық бітімгерлер тобындағы капитан Қайрат Құдабаев қаза тапқаннан кейін Қазақстан қоғамында жанжал болып жатқан елге қазақстандық бітімгерлерді жіберу мәселесіне қатысты пікірталас туған еді. 2008 жылы қазақстанық бітімгерлер тобы Ирактан оралғаннан кейін Қазақстан жанжал аймақтарына бітімгерлер контингентін жолдамай, тек БҰҰ миссиясына жекелеген офицерлерін ғана жіберіп тұрды.
Оқи отырыңыз: "Қазбатты" қақтығыс ошағына жіберу және жәрдемақы мәселесі
Қазақстанның бітімгерлер батальоны (Қазбат) 2000 жылы құрылған, ал 2007 жылы десанттық-шабуылдаушы бригада негізінде бітімгерлік бригадасын (Қазбриг) құрған. 2008 жылы Қазбатты Қазбриг құрамына кіргізді. Қазбриг құрлықтағы әскер басшылығына бағынышты аэромобильдік әскер құрамында болатын. Бірақ 2017 жылдың жазында аэромобильдік әскер құрамы Қазақстан қарулы күштерінің құрлықтағы десанттық-шабуылдаушы әскері болып қайта құрылып, Жоғарғы бас қолбасшының резервіне қойылған.
Биылғы наурыз айында Қазбриг-тен Қазбат-1 (оның негізінде Қазполк құрылған) жеке бөлініп шыққан. Әдетте полк бірнеше батальоннан құралатын, бірақ Қазполк әрбірі дербес жеті ротадан тұрады.