Accessibility links

Қазақстан Ливанға бітімгерлер күшін жібермек


Қазақстандық бітімгерлік бригада (Қазбриг) сарбазы "Дала қыраны" халықаралық әскери жаттығу кезінде. Іле полигоны, Алматы облысы, 22 тамыз 2013 жыл
Қазақстандық бітімгерлік бригада (Қазбриг) сарбазы "Дала қыраны" халықаралық әскери жаттығу кезінде. Іле полигоны, Алматы облысы, 22 тамыз 2013 жыл

Астана Ливанға жіберілетін бітімгерлер 23 жыл бұрынғы Тәжікстандағыдай қайғылы жағдайға ұшырамайды деп үміттенеді.

Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров Қазақстан бітімгерлерін БҰҰ күштерінің құрамында Ливанға жіберетіні туралы мәлімдеді. Қазақстан қарулы күштері бітімгерлік миссиясын орындауға көптен бері жаттығып келеді: соңғы рет былтыр жазда АҚШ және британ әскерилерімен бірлесіп "Дала қыраны – 2017" жаттығуын өткізген. Осыған қарамастан, вице-министрдің мәлімдемесі көпшілік үшін тосын жаңалық болды.

Қазақстан соңғы рет 1990 жылдары Тәжікстанға бітімгерлерін жіберген болатын. Осыдан 23 жыл бұрын болған қайғылы оқиғаның кесірінен Қазақстан сыртқа бітімгер жібермей келген еді.

Вице-министр Талғат Мұхтаровтың айтуынша, биыл қыркүйекке қарай қазақстандық 120 бітімгер жауынгер Ливанға аттанбақ. Қазақстандық сарбаздар БҰҰ күштерінің "көгілдір каскасын" киіп жүретінін айтқан вице-министр оларды Ливанның дәл қай ауданына жіберу жоспарланып отырғанын нақтыламады. Әйткенмен ол жақында Ливанға барып, қазақ сарбаздары қоныстанатын жерді көзімен көріп қайтыпты.

"Бұған дейін бітімгерлік туралы заң болмағандықтан біз оларды сыртқа жібере алмай келдік", - деді вице-министр.

Ирактағы миссиясын аяқтаған қазақстандық сарбаздар Бағдадтан 150 шақырым жердегі Дельта лагерінде. 20 қазан 2008 жыл
Ирактағы миссиясын аяқтаған қазақстандық сарбаздар Бағдадтан 150 шақырым жердегі Дельта лагерінде. 20 қазан 2008 жыл

Қазақстанда "Бітімгерлік қызмет туралы" заң 2015 жылы қабылданған. Оған дейін Қазақстан өз сарбаздарын Ирак пен Ауғанстанға жіберген. Әсіресе 2003-2008 жылдардағы Ирактағы миссия өте маңызды болды. Онда жіберілгендерді кейде "бітімгерлер" деп те атап жүрді. Бірақ олар көбіне минадан тазалау, жарылмаған снарядтарды залалсыздандыру тәрізді өте қауіпті тапсырмаларды орындаған еді. Иракта болған кезінде олар миллиондаған қауіпті жарылғышты залалсыздандырған.

2010 жылдың соңы мен 2011 жылдың басында Қазақстан басшылығы Ауғанстанға шағын әскер жіберу туралы мәселе қозғаған, бірақ бұл ұсынысты халық қолдамаған соң жылы жауып қойған. Дегенмен, Қазақстаннан бірнеше офицер мен дәрігер ол жаққа ротация негізінде жіберіліп тұрды.

Оқи отырыңыз: Тәліптердің Қазақстан билігіне "жауабы"

Бұған қоса, Қазақстанның төрт сарбазы БҰҰ бітімгерлері қатарында Батыс Сахарада және бір сарбаз БҰҰ бітімгерлерімен бірге Кот-д’Ивуарда қызмет атқарып жатыр.

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

Осы аптада Өскемен қаласының маңындағы әскери базада Қазақстан жауынгерлері Тәжікстанда болған қайғылы оқиғаның 23 жылдығын атап өтті.

1995 жылғы сәуірдің 7-і күні тәжік-ауған шекарасындағы биік тауда Қазақстан бітімгерлері тәжік оппозициялық күштерінің қоршауына түсіп қалған еді.

Ресейдің табанды талабы бойынша азамат соғысы болып жатқан (1992-1997) Тәжікстанға ТМД бітімгерлері жіберілген. Ресеймен бірге Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сарбаздары Тәжікстанның ауған жағындағы шекарасын күзетуге қатысқан. Ал тәжік үкіметінің әскері ел ішіндегі оппозиция жасағымен соғысып жатқан.

Қоршауда қалған қазақстандық бітімгерлердің 17-сі қаза тауып, тағы ондаған сарбаз жараланған. Бұл – Тәжікстандағы соғыста ТМД бітімгерлерінің басында болған ең қайғылы оқиға. Тәуелсіздік алғанына төрт жыл да болмаған Қазақстанға бұл жағдай тіпті ауыр тиген еді. Бітімгерлерін жіберген Қазақстанға 17 табытпен бірге жаралы солдаттар қайтып келді.

Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының "Бейбітшілік миссиясы - 2016" бірлескен әскери жаттығуына қатысушы қазақстандық сарбаздар. Қырғызстан, 19 қыркүйек 2016 жыл
Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының "Бейбітшілік миссиясы - 2016" бірлескен әскери жаттығуына қатысушы қазақстандық сарбаздар. Қырғызстан, 19 қыркүйек 2016 жыл

Ресми түрде Қазақстан 1999 жылға дейін Тәжікстанға сарбаздарын жөнелтіп келді. Бірақ, іс жүзінде 1995 жылғы сәуірдегі оқиғадан соң ТМД бітімгерлерінің командирлік штабындағы бірнеше офицерден басқа ешкімді жіберген жоқ.

Одан бері бір буын ауысты.

Өскеменде болған еске алу рәсімі ақпарат құралдарында там-тұмдап жазылғанымен, халық оған онша көңіл бөлмеді.

Ел тарихындағы қайғылы оқиғаның 23 жылдығы болып жатқанда Мұхтаровтың "шетелге бітімгер жіберу" туралы мәлімдемесі орынсыз сияқты көрінгенімен, мұны жариялаудың оңтайлы сәті енді келген тәрізді.


Ресей ресми өкілдері 2017 жылғы маусымнан Мәскеу мен Сирия үкіметі құрғалы жатқан Сириядағы "қауіпсіз аймақты" қорғау мақсатында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгерлерін жіберу мүмкіндігі жайлы айта бастаған. Бұл шараға ҰҚШҰ мүшелері – Қазақстан мен Қырғызстан үлес қосады делінген.

Бұл елдердің ресми өкілдері Сирияға бітімгер жіберу жайын Ресей жағымен ресми түрде талқылады ма, жоқ па, оны Астана да, Бішкек те ашып айтпады.

Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері мұндай жоспардың бар екенінен бейхабар екендерін айтып, сонымен жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Ал Ресей өкілдері бітімгерлер жіберу мәселесін жиі қозғап жүрді. Қазақстан жағы қарсылық танытпаса да, бұл мәселені қарастыру үшін алдымен ресми түрде ұсыныс болуы керек деп, жалтара жауап берді.

Оқи отырыңыз: "Сирияға әскер жіберудің" дүбірі бір көтеріліп басылды

Астана "БҰҰ туының астында Ливанға бітімгерлерін жіберсек, Таяу Шығыста бейбітшілік орнату міндетін толық атқарамыз, Сирияға қосымша күштер жіберуді сұрамасын" дегенді меңзеп тұрған тәрізді.

Кремль Сириямен көршілес елде БҰҰ әскерінің сапында қазақтардың болғанына ренжи қоймас.

Тәжікстандағы қырғыннан бері бір буын ауысып, қайғылы оқиға ұмытыла бастады десек те, бітімгерлерді соғыс аймағына жіберу – тәуекелге бел буу деген сөз. 2017 жылғы наурызда "Дала қыраны" жаттығуының бірінші кезеңі аяқталғанда Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астананың БҰҰ миссиясына бітімгер жіберетінін, бірақ "қауіпсіз аймақтарды" таңдайтынын айтқан.

Әрине, Ливандағы жағдайды болжау қиын, егер Қазақстан сарбаздары онда күрделі жағдайға тап болып жатса, үкіметке наразылықтың күшейері кәдік.

(Мақалада айтылған пікірлер Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

XS
SM
MD
LG