Accessibility links

«Қазбатты» қақтығыс ошағына жіберу және жәрдемақы мәселесі


«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығуларында жүрген қазақстандық сарбаз. Алматы облысы, 6 сәуір 2017 жыл.

Қазақстан қорғаныс министрлігі «Қазбат» батальонының бітімгершілік роталары қақтығыс ошақтарына жіберілуі мүмкін деген ақпаратты растады. Қазақстанда әскери қызметшілер әлеуметтік тұрғыдан жеткілікті қорғалмайды деп санайтын әскери сарапшы билікті бұл саланы реттейтін заңдарды қайта қарауға шақырады.

Осы айда Алматы облысында АҚШ пен Ұлыбритания әскерилері де қатысқан «Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығуларының алғашқы кезеңі өтті. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, «Дала қыраны - 2017» жаттығуларының негізгі кезеңі шілденің 22-сінен тамыздың 4-іне дейін «Іле» полигоны территориясында да өтуі тиіс.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, «Дала қыраны - 2017» жаттығуы кезінде қазақстандық бітімгершілік күштері командованиесі өкілі қазақстандық әскерилерді соғыс болып жатқан аймақтарға жіберу жоспары туралы да хабарлаған. Мысалы, «Литер» республикалық газеті қазақстандық бітімгершілік күштерді басқару командованиесі мүшесі подполковник Серік Сейітбаевқа сілтеме жасап, «ҚазБат» батальоны құрамындағы күшейтілген ротаны бітімгершілік миссияға қатысуға» жіберу жоспары жайлы хабарлайды. «Литер» Сейітбаевтың бітімгерлер қай қақтығыс ошағына баратыны жайлы мәселе «әзірше қаралып жатыр» деген сөзін келтіреді.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Азаттықтың ресми сауалына жолдаған жазбаша жауабында қазақстандық бітімгерлер қақтығыс ошағына жіберілуімүмкін деген ақпаратты жоққа шығармайды. Министрліктің хатында «БҰҰ миссиясына қатысу үшін «ҚазБат» қазақстандық бітімгерлік батальонының ротасын жіберу мәселесі пысықталып жатыр» деп жазылған. Бірақ хатта қазақстандық әскери қызметшілер нақты қай қақтығыс ошағына әрі қашан аттанатыны туралы сұрақтарға жауап жоқ.

ҚАҚТЫҒЫС ОШАҚТАРЫНА АТТАНДЫРУ ЖӨН БЕ?

Алғашқы «Дала қыраны» жаттығулары Қазақстанда 2003 жылғы шілдеде өткен. Бір айдан кейін қазақстандық әскери қызметшілер бітімгерлік операцияларына қатысу үшін шетелге – Иракқа алғаш рет жіберілген.

2005 жылы Иракта жарылғыш оқ-дәрілерді жою кезінде қазақстандық бітімгер капитан Қайрат Құдабаев қаза тапқаннан кейін қоғамда қазақстандық бітімгерлік бөлімшелерді қақтығыс ошақтарына жіберу жөн бе деген пікірталас қызған. Қазақстандық бітімгерлік бөлімшелер Ирактан оралған 2008 жылдан кейін Қазақстан өзінің бітімгерлік контингентін қақтығыс ошақтарына жіберген жоқ, қазір БҰҰ миссиясына кейбір қазақстандық офицер-бітімгерлер ғана қатысып жүр.

«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығуларында жүрген қазақстандық сарбаздар. Алматы облысы, 6 сәуір 2017 жыл.
«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығуларында жүрген қазақстандық сарбаздар. Алматы облысы, 6 сәуір 2017 жыл.

Қорғаныс министрлігінде әскери бітімгерлердің қызметіне жетекшілік ететін подполковник Дамир Алтынбаевтың Азаттыққа айтуынша, қазіргі кезде БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы референдум барысын бақылау миссиясында - төрт, ал БҰҰ-ның Кот-д'Ивуардағы миссиясында тағы бір қазақстандық бітімгер жүр.

Ертеректе, яғни наурыздың 13-і күні мәжілістегі үкімет сағатында сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өзі басқаратын ведомство БҰҰ миссияларына қатысу мәселелерін талқылаған кезде қазақстандық бітімгерлердің «қауіпсіздігі сияқты маңызды факторды» ескереді деп хабарлаған.

Ол кезде Қайрат Әбдірахманов «Яғни, біз ең қауіпсіз миссияны таңдайтын боламыз» деген еді.

Қазақстанда 2015 жылы қабылданған «Бітімгершілік қызметі туралы» заңға сәйкес, президенттің әскери қызметкерлерді әлдебір операцияларға қатыстыру туралы ұсынысын парламент палаталардың бірлескен жиыны талқысына салады. Президентке қарулы күштерді пайдалану туралы ұсынысты үкімет түсіреді. Миссияға қатысушылар құрамын, санын және мерзімін де үкімет анықтайды. Президент ұлттық контингенттің бітімгершілік операциясына қатысуын аяқтау, мерзімінен ерте шақырып алу және шұғыл эвакуациялау туралы шешім қабылдай алады. Қазақстандық бітімгерлердің әлдебір операцияға қатысу мәселесі халықаралық ұйымның шешімі немесе Астана ратификациялаған халықаралық келісім-шарт негізінде қаралады.

ЛАЙЫҚТЫ ЖӘРДЕМАҚЫ МЕН ЛАЙЫҚТЫ ҚОРҒАУ ҚАЖЕТ

Қазақстандық бітімгер бөлімшелер әлемнің қақтығыс ошақтарына аттануы мүмкін деген ақпарат қазақстандық бітімгерлердің шығынға ұшырау ықтималдығы және оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін қозғауға түрткі болды.

Қорғаныс министрлігі дерегінше, Иракта мерт болған бітімгер Қайрат Құдабаевтың отбасына бес миллион теңгеден көп бір реттік өтемақы төленіп, оның бала-шағасы баспанамен қамтамасыз етілген.

Әскери ғылымдар докторы, отставкадағы полковник әрі Қазақстан қарулы күштерін құрғандардың бірі Ким Серікбаевтың Азаттыққа айтуынша, қарулы күштер енді құрылған жылдары елдің қаржылық жағдайы ауыр болған, сондықтан заң жобаларының авторлары барынша үнемдеуге мәжбүр болған. Серікбаевтың пікірінше, енді депутаттар қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы бір реттік өтемақыдан бөлек, асыраушысынан айырылғаны үшін лайықты жәрдемақы да алатындай жағдай жасауды ойлануы тиіс. Бұған қоса, бұл шарт бітімгер әскерилердің отбасылары ғана емес, елдің ішінде қызмет ететін бүкіл әскери қызметшілердің отбасыларына да қатысты болуы тиіс.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) "Бейбіт миссия - 2016" жаттығуларында жүрген Қазақстан сарбаздары. Бішкек маңындағы Балықшы полигоны, 19 қыркүйек 2016 жыл.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) "Бейбіт миссия - 2016" жаттығуларында жүрген Қазақстан сарбаздары. Бішкек маңындағы Балықшы полигоны, 19 қыркүйек 2016 жыл.

Ким Серікбаев әскери қызметшілерге қорғаныс министрлігінде жұмыс істейтіндер ғана емес, ІІМ-ге қарасты ұлттық гвардия, ҰҚК-нің шекара әскерлері мен өзге әскери құрылымдардың қызметшілері де жатады деп нақтылайды. Ақтөбе мен Алматыдағы былтырғы террорлық актілер кезінде мерт болған ІІМ әскери қызметшілерінің отбасылары әлеуметтік тұрғыдан тиісті деңгейде қорғауға лайық, бірақ оның сөзінше, әзірше ондай көмек жоқ.

Қазақстан заңдарына сәйкес, келісім-шартпен жалданған әскери қызметші мерт болған жағдайда оның отбасы 60 жалақы көлемінде бір реттік ақшалай өтемақы алуы тиіс. Міндетті әскери қызметін өтеп жүріп қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы 500 айлық есептік көрсеткіш (қазір бір АЕК - 2269 теңге) көлемінде өтемақы алады.

Қазақстанда 1999 жылы қабылданған «Арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңға сәйкес, әскери қызмет атқарып жүріп мерт болған әскери қызметшінің отбасына ай сайын 4,59 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (қазір бұл сома 10415 теңге немесе 33 доллар шамасында) өтемақы төленеді. Қорғаныс министрлігі дерегінше, арнайы мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек төленетін, яғни асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақы мөлшері қаза тапқан әскеридің асырауында болған адам санына қарай есептеліп, 26 мыңнан 63 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Жарақат алып мүгедек болып қалған әскери қызметшілер мүгедектік тобына қарай ең төменгі күнкөріс деңгейінің 0,98-ден 2,74-ке дейінгі көлемінде өтемақы алады. Биыл билік ең төменгі күнкөріс деңгейін 24 459 теңге деп белгілеген.

Наурыздың 13-і күні мәжілістегі үкімет сағатында Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров «қазақстандық бітімгерлер әлеуметтік тұрғыдан жеткілікті деңгейде қорғалған» деп мәлімдеді.

«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығулары. Алматы облысы, 6 сәуір 2017 жыл.
«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығулары. Алматы облысы, 6 сәуір 2017 жыл.

Ол кезде генерал Мұхтаров «Бізде әлеуметтік қорғау да қарастырылған. Біріншіден, әскери қызметшілеріміз үш еселенген жоғары жалақы алатын болады әрі бітімгерлік операцияларына қатысқан кезде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, олар елге оралғаннан кейін санаторий-курортта тегін емделеді, қызмет еткен жылдарының 1 айы 1,5 ай деп есептеледі» деп мәлімдеген болатын.

Қазақстандық бітімгерлік батальон (Қазбат) 2000 жылы құрылған, ал 2007 жылы 38-десанттық-шабуылдау бригадасы негізінде бітімгерлік бригада (Қазбриг) құрылып, 2008 жылы Қазбат осы бригаданың қарауына өткен. Қазбриг құрлық әскерлеріне қарасты аэромобиль әскерлері құрамына кіреді. Қазбриг шартты түрде Қазбат-1, Қазбат-2 және Қазбат-3 деп атауға болатын үш батальоннан тұрады. Қазбат-1 батальоны БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысады. Ал Қазбат-2 Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясындағы бітімгерлік операцияларға қатысу үшін құрылған. Қазбат-3 – Қазбригтің резервтегі бөлімшесі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG