Accessibility links

Бейбіт заманда «келіссөз жүргізетін мамандар» даярлау


Қазақстандағы әскери оқу-жаттығу кезінде "терроршыларды" ұстап жатқан жауынгерлер. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы әскери оқу-жаттығу кезінде "терроршыларды" ұстап жатқан жауынгерлер. (Көрнекі сурет)

Наурыздың басында Қазақстан қорғаныс министрлігі Астанадағы әскери полиция мамандарын даярлау орталығында елдің қарулы күштері алғаш рет «келіссөз процесі мамандарын даярлайды» деп хабарлаған болатын. Азаттық Қазақстан армиясына келіссөз жүргізетін мамандар не үшін қажет екенін анықтауға тырысып көрді.

Қорғаныс министрлігі «Оларды даярлау қазіргі заман қақтығыстарының себептері мен сипатын, оларды бейбіт тәсілдермен реттеу жолдарын терең зерттеу, келіссөз процесін ұтымды жүргізу дағдыларын қалыптастыру қажеттігінен туып отыр. Курстың негізгі мақсаты – әскери қызметшілерді наразылық акцияларын ұйымдастырушылар және оларға қатысушылармен келіссөз жүргізудің негізгі дағдыларына баулу» деп мәлімдейді.

Ресей, Беларусь және Қырғызстанда жуырда өткен жаппай наразылық акциялары мен Қазақстан үкіметінің азаматтықтан айыру және өлім жазасын қолдану аясын кеңейту туралы заң жобасын құрастыру жайлы жоспарларына қатысты әлеуметтік желілерде пікірталас өрістеген тұста министрліктің «келіссөз жүргізетін әскери мамандар даярлау» жайлы мәлімдемесін жұрт екіұдай сезіммен қабылдады.

БЕЙБІТ ЖАНЖАЛДАРДЫ РЕТТЕУ

Қорғаныс министрлігінің келіссөз жүргізетін әскери мамандар даярлауға қатысты мәлімдемесіндегі сияқты Қазақстанның әскери доктринасында да «қазіргі заман қақтығыстары» мен «оларды шешу жолдары» жайлы айтылған, бірақ олар «бейбіт жолмен» реттелгені жөн деп көрсетілген. Әскери доктринада «ішкі қатер» деген ұғым бар.

Ақтөбеде 2016 жылы 5 маусым күні қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге шабуыл жасаған содырлар видеосынан алынған скриншот. Қарулы топ Ақтөбе көшелерінің бірімен кетіп барады.
Ақтөбеде 2016 жылы 5 маусым күні қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге шабуыл жасаған содырлар видеосынан алынған скриншот. Қарулы топ Ақтөбе көшелерінің бірімен кетіп барады.

Қазақстанның әскери доктринасында қорғаныс саясатының басты мақсаты және әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі шаралардың бірі ретінде мәлімделген «ішкі саяси тұрақтылықты нығайту» жайлы көп жазылған. Бұған қоса, әскери доктринада қарулы күштердің ел ішінде терроризммен күресу және төтенше жағдай зардаптарын жою үшін ғана емес, «ішкі саяси тұрақтылықты нығайу» үшін де қолданылуы мүмкін екені айтылған.

Қарулы күштерге ел ішінде осындай міндеттер жүктелгендіктен және қорғаныс министрлігінің «әскери мәмілегерлерді» (келіссөз жүргізушілерді – ред.) даярлау жайлы «ауқымды» мәлімдемесіне байланысты әскери ведомство оларды антитеррорлық операциялар кезінде келіссөздер жүргізу үшін даярлай бастаған шығар деп топшылауға болады.

Бірақ қорғаныс министрлігінің «әскери мәмілегерлерді» даярлау жайлы мәлімдемесі әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне ғана қатысты болып шықты. Бұл туралы Азаттыққа Алматы гарнизонына қарасты әскери полиция жасағының бастығы полковник Ерділда Ршауов хабарлады. Оның сөзінше, терроршылармен келіссөз жүргізушілерді даярлауға әскери полицияның «қатысы жоқ».

Әлгі ақпаратты Азаттыққа әскери полиция мамандарын даярлау орталығында «келіссөз процесі мамандарын» даярлау курсына қатысушылардың бірі де (аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) растады. Оның сөзінше, оларды әскери қызметшілермен ғана емес, олардың отбасы мүшелерімен арада туатын жанжалдарды да бейбіт жолмен реттеуге үйреткен.

Мысалы, әскери қалашықта әскери қызметшілерді пәтерлерінен қуып жатыр делік. Жұртты тыныштандыру керек. Ол үшін тиісті дайындығы бар психолог ретінде бір адамды жібереді.

- Мысалы, әскери қалашықта әскери қызметшілерді пәтерлерінен қуып жатыр делік. Жұртты тыныштандыру керек. Ол үшін тиісті дайындығы бар психолог ретінде бір адамды жібереді. Оның [кәсіби] психолог, яғни даярлықтан өткен мәмілегер болуы шарт емес. Ол штаб бастығы немесе командир (сөзі өтімді тұлға) болуы мүмкін, - дейді курсқа қатысушы. Оның айтуынша, курс бағдарламасында келіссөз жүргізудің психологиялық тәсілдерін де үйрету қарастырылған.

«Әскери мәмілегерлерге» психологиялық тәсілдерді үйрететіні жайлы Азаттыққа келіссөз жүргізушілерді даярлауға қатысқан Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің әлеуметтік психология оқытушылары да хабарлады. Бірақ Еуразия университеті оқытушыларының бірі «қорғаныс министрлігі университетпен өмірде болған жанжалдар жайлы ақпаратпен бөліссе, нақты ұсыныс-кеңестер құрастыруға болар еді» деген пікірін айтты.

ҒАЛАМДЫҚ МІНДЕТТЕР ҚАЛА МА?

БҰҰ ұйымдастыруымен өтетін операцияларға қатысуүшін құрылған қазақстандық «Қазбат-1» бітімгерлік бөлімшесі әскери қызметшілерін шиеленісті жағдай туған кезде келіссөз жүргізуге үйретеді және оларды бұған ағылшын тілінде оқытады. Бұл жайлы Азаттыққа қорғаныс министрлігінде бітімгерлік бөлімшелерге жетекшілік ететін подполковник Дамир Алтынбаев айтты. Оның сөзінше, оларды әскери-азаматтық қатынастар курсы аясында Алматыдағы «Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу орталығы базасында оқытады. «Бейбітшілік үшін серіктестік» – Қазақстан мен НАТО арасында 1990 жылдардың басында бекітілген ынтымақтастық бағдарламасы.

Подполковник Дамир Алтынбаевтың сөзінше, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бітімгерлік операцияларына қатысу үшін құрылған «Қазбат-2» бөлімшесі әскери қызметшілері де осыған ұқсас курстан өтеді. Подполковниктің айтуынша, оларды бөлімше орналасқан жерде және орыс тілінде оқытады.

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысов халықаралық жағдай мен Қазақстанның ішкі проблемалары шиеленісу ықтималдығына байланысты әскери ведомствоның алдынан «әскери мәмілегерлерді» көбірек даярлау қажеттігі проблемасы шығуы мүмкін деп болжайды.

Әмірбек Тоғысов.
Әмірбек Тоғысов.

Генерал Тоғысов қарулы күштердің бейбіт заманда «елдің кез келген ауданындағы ішкі саяси жағдайды тұрақтандыруға қатысты табанды әрекеттерге әзірлігін көрсету» сияқты әскери доктринада ашып жазылған міндетіне назар аударады. Оның сөзінше, әскери доктринаның бұл ережесі биліктің халықты қарулы күштерді пайдаланып қорқытып-үркіту әрекеттерін заңдастыру үшін енгізілген.

Былтырғы мамырда - билік пен азаматтық қоғам арасында «жер реформасына» қатысты жанжал қызып тұрған кезде Алматы іргесіне беренді техника әкеліп қоюды генерал Тоғысов биліктің әскерилерді жұрттың зәресін алатын «мәмілегерлер» ретінде пайдалануға тырысуының көрнекі мысалы деп біледі. Ол кезде қорғаныс министрлігі Алматы іргесінде беренді техниканың пайда болуын «жоспарлы жаттығу» деп түсіндірген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG