Accessibility links

"Сирияға әскер жіберудің" дүбірі бір көтеріліп басылды


«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығуларына қатысқан Қазақстан жауынгерлері. Алматы маңы, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығуларына қатысқан Қазақстан жауынгерлері. Алматы маңы, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Маусымның 22-сі кешкісін Ресейдің Қазақстанға "Сирияға әскер жіберу туралы ұсыныс жасағаны" жөнінде ақпараттар тарап, ол әлеуметтік желіде қазақстандықтардың қызу талқылауына ұласқан еді. Маусымның 23-і сыртқы істер министрлігі "Қазақстанның Сирияға әскер жіберу бойынша ешкіммен келіссөз жүргізіп жатпағанын" ресми хабарлады.

2017 жылы маусымның 22-сі күні Қазақстандағы жергілікті БАҚ-та "Ресей мемлекеттік думасының қорғаныс комитеті басшысы Владимир Шамановтың "Мәскеуде Сирияға әскер жіберу туралы Қазақстан және Қырғызстанмен көліссөздер жүріп жатқанын" айтқаны" туралы ақпарат тараған еді.

Бұл ақпараттарға Түркия президентінің ресми өкілі Ибрагим Калынның "Haberturk телеарнасына айтты" деген "орыстардан қырғыз және қазақ [әскерилерінің] белгілі бір бөлігін Сирияға аттандыру туралы ұсыныс түсті... Бірақ бұл шаруа егжей-тегжейлі талқылауды талап етеді: карталар қаралады, қанша әскерді қайда орналастыру, олардың қайдан кіретіні тақыланады... біз Астанадағы шілде кездесуінде осы мәселелерді нақты талқылаймыз" деген сөзі қосылып, Қазақстанның ресми мекемелері растамаған бұл хабарлар әлеуметтік желіде жұрттың реакциясын тудырды. Азаттық та мәселені анықтау мақсатында Қазақстан қорғаныс министрлігіне сауалхат жолдады. Ал сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ресми мәлімдемесі түске таяу хабарланды.

СІМ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан СІМ-інің ресми сайтында маусымның 23-і сағат 10:35-те жарияланған мәлімдемеде "Қазақстан Сирияға өз әскери қызметшілерін жіберу бойынша ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ" деп жазылған.

Қазақстан Сирияға өз әскери қызметшілерін жіберу бойынша ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ.
СІМ мәлімдемесі

СІМ мұнан ары былай түсіндіреді: "Сириядағы қақтығысты бәсеңдетудің төрт аймағының қауіпсіздігі мен тиімділігі қандай жолмен қамтамасыз етілетіні туралы мәселе Астана процесі кепілгер елдерінің құзырында. Олар осы және басқа да мәселелерді Қазақстан елордасында 4-5 шілдеде кезекті кездесу барысында талқылайтын болады".

СІМ Қазақстан әскерінің шетелдердегі қақтығыс ошақтарына аттануының шартын да мәлімдеген. "Кез-келген жағдайда әлемнің қайсыбір қақтығыс ошағына өз бітімгерлерімізді жіберу мүмкіндігін қарастырудың маңызды қағидатты шарты – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарының және осы ұйымның тиісті мандатының болуы" дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ

Сирияға Қазақстан әскерилерін Ресей ұсынысымен Сирияға жіберу туралы ақпараттарға қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі реакциясы негізінен наразы сипатта болды.

Мәселен саясаттанушы Айдос Сарым Facebook парақшасында Қазақстан әскерін Сирияға кіргізуге үзілді-кесілді қарсы екенін жазып, төрт себебін атаған.

Айдос Сарым.
Айдос Сарым.

«Сирияға әскер кіргізу Сирияны алыстан бомбалаумен тең емес, әскери-полиция болған жағдайда да кісі өлімі болады. Екінші, Қазақстанның өз ішінде терроризмді өршітеді. Оның салдарын болжау қиын. Оның үстіне бұл шара біздің Батыс пен және мұсылман сүннит әлемімен қатынасымызды ушықтырады» деп жазады саясаттанушы.

Айдос Сарым Қазақстанның ОДКБ-ға мүше болғанымен, Ресейге сырттан ешкім шабуыл жасамағанын, сол себепті «Қазақстан Ресей алдында міндетті емес» екенін айтқан.

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев «Қазақстан Сирияға әскер кіргізетін болса, мақтанып жүрген көпвекторлы саясатымыздан түк те қалмайды. Сирия жанжалында Қазақстанды Ресей одақтасы деп қана қарамайды, бізге барша мұсылман елі мен Батысты қарсы қояды» деген.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев қатысқан AzattyqLIVE хабары (тікелей эфир орыс тілінде өтті):

Саясаттанушы Асқар Нұрша «Ресей тағы бастады. Қазақстан Ресей, Иран, Түркия секілді кепіл ел емес. Біз жанжалдасушыларға келіссөз алаңын ұсынып отырған ел болғандықтан қалыс қалғанымыз дұрыс» деген.

Саясаттанушылардан өзге әлеуметтік желіде қарапайым жұртшылықтың пікірі жиі кездеседі, оның ішінде «балаларымызды Сирияға Ресей мүддесі үшін қан төгуге жібермейміз» деген ұрандар пайда болғаны да байқалды.

Ал Қазақстанның билік өкілдері тарапынан алғаш реакция білдірген парламент мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев болды.

Депутаттың пікіріне қарағанда Қазақстанға Ресейден мұндай ақпарат келмеген, парламент мұндай ақпаратпен ресми түрде таныспаған. Оның сөзіне қарағанда, "Қазақстан әскерилері Сирияға тек бейбіт миссияларды атқаруға, онда да Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік кеңесі шешімімен баруы мүмкін".

Азаттыққа сұхбат беріп отырған Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мәулен Әшімбаев. Астана, 20 қаңтар 2017 жыл.
Азаттыққа сұхбат беріп отырған Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мәулен Әшімбаев. Астана, 20 қаңтар 2017 жыл.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ АҚПАРАТ

Азаттық 2017 жылы сәуір айында Қазақстанда АҚШ пен Ұлыбритания әскерилері де қатысқан «Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығулары кезінде Қазақстанның «ҚазБат» батальоны құрамындағы күшейтілген ротаны бітімгершілік миссияға қатысуға» жіберу жоспары жайлы қорғаныс министрлігінен сұраған болатын. Қазақстан қорғаныс министрлігі Азаттықтың ресми сауалына жолдаған жазбаша жауабында қазақстандық бітімгерлер қақтығыс ошағына жіберілуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығармаған. Министрліктің хатында «БҰҰ миссиясына қатысу үшін «ҚазБат» қазақстандық бітімгерлік батальонының ротасын жіберу мәселесі пысықталып жатыр» деп жазылған еді. Бірақ хатта қазақстандық әскери қызметшілер нақты қай қақтығыс ошағына әрі қашан аттанатыны туралы сұрақтарға жауап болмаған.

Бұған дейін, яғни 2000 жылдардың ортасында Қазақстан Ирақтағы қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қалпына келтiру жөнiндегi халықаралық коалицияға қолдау бiлдiрiп, парламент келiсiмiмен 27 маманнан құрылған инженерлiк-саперлiк бөлiмше жiбергенi мәлiм. Олар Иракта бірнеше жыл қақтығыс болған аумақтарда қалған жарылғыш заттарды залалсыздандырумен айналысқан.

«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығуларына қатысқан Қазақстан жауынгерлері. Алматы маңы, 17 сәуір 2015 жыл.
«Дала қыраны - 2017» бітімгерлік жаттығуларына қатысқан Қазақстан жауынгерлері. Алматы маңы, 17 сәуір 2015 жыл.

2005 жылы Иракта жарылғыш оқ-дәрілерді жою кезінде қазақстандық бітімгер капитан Қайрат Құдабаев қаза тапқаннан кейін қоғамда қазақстандық бітімгерлік бөлімшелерді қақтығыс ошақтарына жіберу жөн бе деген пікірталас қызған. Қазақстандық бітімгерлік бөлімшелер Ирактан оралған 2008 жылдан кейін Қазақстан өзінің бітімгерлік контингентін қақтығыс ошақтарына жіберген жоқ, қазір БҰҰ миссиясына төрт-бес қазақстандық офицер-бітімгерлер ғана қатысып жүр.

Қазақстандық бітімгерлік батальон (Қазбат) 2000 жылы құрылған, ал 2007 жылы 38-десанттық-шабуылдау бригадасы негізінде бітімгерлік бригада (Қазбриг) құрылып, 2008 жылы Қазбат осы бригаданың қарауына өткен. Қазбриг шартты түрде Қазбат-1, Қазбат-2 және Қазбат-3 деп атауға болатын үш батальоннан тұрады. ​

XS
SM
MD
LG