Accessibility links

Ақ үй: Трамп АҚШ әскерін Сириядан тезірек шығарғысы келеді


Сара Сандерс, Ақ үйдің баспасөз хатшысы.
Сара Сандерс, Ақ үйдің баспасөз хатшысы.

Ақ үй баспасөз хатшысы Сара Сандерс АҚШ-тың Сириядағы мақсаты өзгермегенін, президент Дональд Трамп америкалық әскерилердің бұл елден мүмкіндігінше тезірек кеткенін қалайтынын мәлімдеді.

Сандерс АҚШ әскерінің міндеті "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымын толық күйрету" және "оның қайта жандануын болдырмайтындай жағдай жасау" екенін айтты. Оның сөзінше, Вашингтон одақтастары аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мойнына көбірек әскери және қаржылық жауапкершілік алады деп күтеді.

Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон Трампты Сирияда америкалық әскерилерді ұзақ мерзімге қалдыру қажет екеніне көзін жеткізгенін мәлімдеген еді.

Дональд Трамп сәуірдің басында таяу уақытта АҚШ әскерін Сирия аумағынан толық шығаруға қатысты шешім қабылдайтынын мәлімдеген, бірақ нақты мерзімін айтпаған.

14 сәуірге қараған түні АҚШ, Ұлыбритания мен Франция 7 сәуірде Дума қаласында ықтимал химиялық қарумен жасалған шабуылға жауап ретінде Сириядағы үкімет бақылауындағы кей нысандарға әуеден соққы берген. Пентагон мәліметінше, Сириядағы үш нысанаға 105 зымыран жіберілген. Әзірше америкалық әскерилер де, Сирия билігі де зымыран шабуылы салдарынан құрбан болғандар туралы дерек жариялаған жоқ.

Вашингтон, Лондон және Париж Сирия президенті Башар Асад билігінің химиялық шабуыл жасағанына дәлелі барын айтады. Мәскеу мен Дамаск Думада химиялық шабуыл болғанын жоққа шығарып, химиялық қару туралы хабарларды "арандату" дейді. Ресей президенті Владимир Путин Сирияға зымыран соққысын " агрессия" деп бағалаған.

XS
SM
MD
LG