Accessibility links

"Ratel.kz ісі" бойынша сотқа Бендицкийдің мұрагерлері қатысты


Геннадий Бендицкийдің жесірі Нина Устинова мен ұлы Олег Бендицкий Ratel.kz сайтына қатысты сот тыңдауында отыр. Алматы, 17 сәуір 2018 жыл.
Геннадий Бендицкийдің жесірі Нина Устинова мен ұлы Олег Бендицкий Ratel.kz сайтына қатысты сот тыңдауында отыр. Алматы, 17 сәуір 2018 жыл.

Алматының Медеу аудандық әкімшілік сотында 17 сәуірде аудан прокурорының Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіповке қарсы шағымы бойынша алғашқы сот тыңдауы өтті. Судья Гүлмира Бейсенова төрағалық еткен сотқа 2017 жылы 3 желтоқсанда қайтыс болған журналист Геннадий Бендицкийдің мұрагерлері - жесірі Нина Устинова мен ұлы Олег Бендицкий келді. Олар Геннадий Бендицкийден мұраға қалған "Бендицкий" жеке кәсіпкерлігінің (ЖК) иелері. "Бендицкий" ЖК Ratel.kz сайтының иесі болған (яғни, Геннадий Бендицкий - сайт қожайыны), ал сайт журналистері оған жалданып жұмыс істеген.

Прокурор Әлібек Айтжанов шағымында Ratel.kz сайтының жұмысын тоқтатуды және материалдарының еш жерде, оның ішінде әлеуметтік желілерде немесе басқа да сайттарда жарияланбауын талап етеді. Шағымда Марат Әсіповтің Геннадий Бендицкийдің тірі кезінде оның жалдамалы жұмысшысы болғаны, ал ол қайтыс болған соң "мүлкін иеленіп алғаны" айтылады.

Марат Әсіповтің сайтты меншігіне алуына қатысты сұрақ туындаған соң прокурор Әсіповтің адвокаты Лариса Достоваловаға және Бендицкийдің мұрагері Олег Бендицкийге сауалдар қойды.

Лариса Достовалова өзіне қойылған сауалдарға Марат Әсіпов қана жауап бере алатынын мәлімдеді. Адвокат Марат Әсіповтің келесі сот отырысына келетінін, себебі алғашқы сот прокурор шағымының мазмұнын қарап жатқанын айтты. Олег Бендицкий прокурордың "Бендицкий Әсіповпен оның жұмыс берушісі ретінде қандай қарым-қатынаста болды?" деген сауалына жауап бере алмады.

Судья Бейсенова келесі сот отырысын 19 сәуірге белгіледі.


Марат Әсіпов азаматтық сот процесінен өзге "көрнеу жалған ақпарат тарату" туралы қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған. Бұл іс бойынша Ratel.kz-тің тағы екі журналисі істі болып, Forbes.kz журналы бас редакторының орынбасары қорғануға құқығы бар куәгер деп танылған.

2 сәуір күні Алматыда полиция Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналының редакцияларында "жалған ақпарат тарату" ісіне байланысты тінту жүргізген. Полиция сонымен қатар осы екі ақпарат құралы кейбір журналистерінің пәтерін де тінтіген. Бұл іс бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжановтың арызынан кейін қозғалған. Кәкімжанов Forbes.kz және Ratel.kz сайттарында соңғы жылдарда өз қызметіне байланысты жарияланған бірнеше мақаланы "қара пиар" және "жалған" деп атайды. Мақалада Кәкімжановтың "сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары" айтылады.

Оқи отырыңыз: Полиция Forbes пен Ratel-дің кеңсесіне жетті

Бақылаушылар мен құқық қорғаушылар тергеудің Кәкімжановтың арызын тексеруге жедел кірісіп кеткені және Ratel.kz сайты оппозициялық БАҚ болмаса да, оны әкімшілік және қылмыстық қудалаудың бір уақытта басталғаны алаңдататынын айтады.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы мен "Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) бұған дейін Қазақстан билігін "кәсіби міндетін атқарған журналистерді үрейлендіру үшін жала жабу туралы айыппен қылмыстық қудалауын тоқтатуға" шақырған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG