Accessibility links

Британдық БАҚ: Скрипальдерді ФСБ экс-агенті улаған


Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланған соң түскен Солсбери ауруханасына баратын жолды көрсетіп тұрған белгі. Ұлыбритания, Солсбери, 10 сәуір 2018 жыл.
Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланған соң түскен Солсбери ауруханасына баратын жолды көрсетіп тұрған белгі. Ұлыбритания, Солсбери, 10 сәуір 2018 жыл.

Ұлыбритания ақпарат құралдары полицияға сілтеме жасап, Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлияны Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) Гордон деген бүркеншік есімді бар 54 жастағы бұрынғы офицері улағанын хабарлады. Әрқилы дерек бойынша, оның Михаил Савицкис деген тағы бір бүркеншік есімі және басқа тағы екі лақап аты бар.

Британ полициясы оның ендігі Ресейге кетіп қалғанын және енді оны тергеуге ешқандай мүмкіндік тумайтынын айтады. Лондон Сергей Скрипальді улауға алты адамнан тұратын команда қатысқан деп болжайды.

Гордонның есімі Лондонда полиция осы аптада КГБ-дан қашып кеткен Борис Карпичковті бес сағат тергеген соң белгілі болды. Карпичков британдық Sunday People басылымына өзі және Гордонның 1990 жылдардың басында танысқанын айтты. Екеуі бір-бірін Карпичков Латвияда ФСБ майоры болған кезінде танысқан.

"Ол өте ақылды, білімді, амбициясы күшті және мейірімсіз адам болды. Ол сонымен қатар сымбатты болды және бөтен адамның сеніміне тез кіретін" деді Карпичков. Ол Гордонның Рига университетінде оқып, заңгер дипломын алғанын және жауынгерлік өнерді меңгергенін айтты. Гордон қауіпсіздік саласында ықпалды бизнесменнің тасасында жүрген. Ол қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң ФСБ қатарына қабылданбай тұрып, КГБ капитаны болған. Карпичковтің сөзінше, Гордон ФСБ-нің арнайы операцияларды атқаратын резервтегі офицерлері құрамына кірген.

Биыл 4 наурызда Солсбери қаласының орталығында улы заттан қатты зардап шегіп, ес-түссіз халде табылған әкелі-балалы Скрипальдар кейін ауруханада өз-өзіне келген.

Британ үкіметі Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улауға Мәскеу жауапты деп санайды. Ресей өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Лондон "Скрипаль ісін" тергеу аясында ресейлік 23 дипломатты елден шығарған. 20 шақты мемлекет Ұлыбританияға қолдау көрсетіп, жиыны 100-ден астам ресейлік дипломатты еліне қайтарған.

XS
SM
MD
LG