Accessibility links

Назарбаев: Шу шығарғандарды орнына қою керек


Назарбаев "кемшілік іздейтіндер" туралы айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:40 0:00

Назарбаев "кемшілік іздейтіндер" туралы айтты.

28 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-сессиясы өтті. Бұл жиында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "елдегі оқиғаларды шыр айналдыратындарды кім екеніне қарамай жазалау керектігін" айтты.

- Біз сақ болуымыз керек. Анда-мында шығып, анау ұнамайды, мынау ұнамайды дейді. Бір аймақта шыққан мәселені алып, шыр айналдырады. Бізде ондай да пресса (ақпарат құралдары-ред) бар. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы тасқынды естіп алып, бүкіл Қазақстан суға батып жатқандай шулады. Ондайларды [шу шығарғандарды] орнына қою керек. Бізге елдің тыныштығы керек. Сонда ғана дамимыз, - деді ол.

Назарбаев өз сөзінде "шу шығаратындардың" нақты кім екенін атаған жоқ.

Жиында Назарбаев Қазақстанда жаңа бес әлеуметтік бағдарлама ашылып, оған бюджеттен 2 триллион 600 миллиард теңге бөлінетінін айтып, бұл жобаларды "халықтың болашағына инвестиция" деп атады.

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік бастама ұсынған президент "жұмыс істей беретінін" айтты

Назарбаев өз сөзінде әлемде тұрақсыздық орнап, "ірі елдер арасында сенім азайғанын" айтты. Оның сөзінше, әлем халқы аштықтан зардап шегіп жатыр. Жастар арасында жұмыссыздық артқан.

- 21 ғасырда да әлемдік мәселелер мен қауіп-қатер азаймайтынын аңғардық. Жұмыс істеп, мәселелерді шешу керек. Әлемдік дағдарыс тіпті дамыған елдердің мүмкіндіктерін азайтты. Бүкіләлемдік экономика форумының сарапшылары алдағы он жылдағы үш трендті көрсетті. Біріншісі - әл-ауқат теңсіздігі, екіншісі - әлеуметтік жіктелу, үшіншісі -экономикалық қауіп, - деді ол.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея сессиясында. Астана, 28 сәуір 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея сессиясында. Астана, 28 сәуір 2018 жыл

Назарбаевтың сөзінше, "Қазақстан дұрыс жол таңдаған және ұлттық байлық қоғамға жұмыс істеп жатыр. Оны ел экономикасындағы өсім мен елдегі экономикалық қордан көруге болады".

Қазақстан президенті өз сөзінде елде салынған мектептерді, балабақшалар мен ауруханаларды санап шығып, елдегі инфраструктураның дамып жатқанын атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы саналатын Назарбаев сессияда 7-20-25 ипотекалық бағдарламасын дамытатынын айтты.

Назарбаев сессия кезінде ауылда жастардың азайып бара жатқанын, талапкерлерге бір шартпен грант беру жағын ұсынды.

- Ауылға ветеринар және тағы басқа мамандар ауадай қажет. Қазір жастар ауылға көп барып жатқан жоқ. Негізі, ауылдың жастарын жоғары оқу орындарына бір шартпен қабылдау керек. Оқудан кейін олар [ауылға] қайта келіп, жұмыс істеуі қажет. Солай істеген дұрыс. Студенттердің жатақхана мәселесін шешу керек, - деді Қазақстан президенті.

Қазақстанды 28 жылдан бері басқарып отырған Назарбаев ассамблея жиынында Астананы елдің түпкір-түпкірінен келіп жатқан адамдар өз бақытын тапқан "қазанға" теңеді. Назарбаев Астананың 20 жылдығын артық шығынсыз, бірақ жақсылап тойлау керектігін жеткізді.

Ассамблеяның 26-сессиясының соңында әншілер Назарбаевтың сөзіне жазылған "Отан ана" әнін орындады.

Бұған дейін, Қазақстан үкіметі Астананың 20 жылдығына бюджеттен 19 миллиард теңге бөлінетінін хабарлаған.

Қазақстан халықтар ассамблеясы Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы 1 наурызда құрылған. Ассамблея - Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерін біріктіретін ұйым. Парламент мәжілісінде Ассамблеяға тоғыз орын бөлінген.

XS
SM
MD
LG